Аружан Қамшыгер Алматыдағы «АлгорИФМ» лицейін «Алтын белгімен» бітірді. 29 маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Таңдаған пәндері — география мен математика. Сулейман Демирел атындағы университетте есеп және аудит мамандығы бойынша оқығысы келеді. Оның айтуынша, бұл мамандыққа биыл республика бойынша бар-жоғы 140 білім гранты бөлінген. Сондықтан ол ҰБТ-дан 130 балдан асырып жинауы керек.
«Бейінді пәндерді 2-3 жыл бұрын өзім таңдадым. Ата-анам таңдауымды қолдады. Маған математика мен тарих пәндерін түсіну қиындау. Математикада формула, тарихта дата көп. Барлығын жаттауға көп уақыт керек. Ең оңайы — география мен математикалық сауат. Мұғаліммен үнемі байланысып отырамын. Мектепке барып, достарыммен бірге 2-3 сағат тест кітапшаларындағы тапсырмаларды талдап жүрміз. Есептерді бірігіп шығарып, білмегенімізді бір-бірімізден сұрап аламыз. Тестіге білім беру орталығында қосымша дайындалдым. Дайындыққа күніне 5-6 сағатымды арнаймын. ҰБТ жақындаған сайын өзімді көп қинап, таңнан кешке дейін дайындалуды азайттым. Себебі ағзаға артық күш салған денсаулыққа да, миға да зиян», — дейді Аружан.
Аружан ҰБТ-дан қорықпайды. Оның айтуынша, қорқыныш пен уайым көбіне смартфон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды пайдаланатындарда болады. Өзіне сенбеген адам ҰБТ-да жан-жағына жалтақтап, уақытын зая кетіруі мүмкін.
ҰБТ-ға бір күн қалғанда дайындықты тоқтатамын деп отырмын. Ата-анамның жанында болып, өзіме ұнайтын тағам пісіремін. Достарыммен сөйлесіп, музыка тыңдаймын. Жақындарыңның қолдауы жақсы нәтижеге жетуге көмектеседі. Бағымды сынап, олардың үмітін ақтағым келеді. ҰБТ-да жақсы балл жинай алмай, күйзеліске түсіп кететіндер туралы естігенмін. Дертке шалдығу және жақынынан айырылу сияқты тағдыр сынағының жанында ҰБТ ештеңе емес. Оқуға түсе алмасаң, келесі жылы да тапсыруға болады. Ректор гранты сияқты түрлі жеңілдікпен де тегін оқып, диплом алғандар бар. Кез келген тығырықтан шығуға болады, — дейді ол.
Аружанның арманы — аудит пен консалтинг компанияларының дүниежүзі бойынша үлкен төрттігінде (Deloitte Touche Tohmatsu, PricewaterhouseCoopers, Ernst & Young және KPMG) жұмыс істеу.
Үлкен төрттіктің құрамына кіретін Deloitte Touche Tohmatsu компаниясының бір филиалы Нұр-Сұлтанда. Өзімді соның болашақ қызметкері деп білемін, кейін жеке бизнес ашып, экономика саласына үлесімді қосқым келеді, — дейді Аружан.
Алматыдағы №147 гимназияның түлегі Дамир Уайстың ата-анасы оның дәрігер болуын қалаған. Дамирдің өзі IT саласының маманы болуды ұйғарыпты. Халықаралық IT университетіне түсу үшін физика және математика пәндерінен сынақ тапсырғалы отыр. Мақсаты — 140 балл жинау.
«Маған математикалық сауат пен математика пәндері оңай. Физика бойынша 2 ай репетитормен дайындалдым. Кейін карантинге байланысты жалғастыра алмадым, бірақ мұғалімдер үнемі көмектесіп отырады. Түсінбеген сұрақтарымды WhatsApp арқылы сұрап аламын. Қазір үйде 7–9-класс аралығындағы тарих оқулықтарын қайталап оқып жатырмын. Кейінгі жылдардағы ҰБТ сұрақтарын күнде жаттаймын. Сынақ тестерінен 135 балдан көп алып жүрмін. ҰБТ-дан қорықпаймын. Өз біліміме толық сенемін», — дейді Дамир Уайс.
Мектеп түлегінің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу алдында адам қобалжиды. Сонда да уайымға берілмей, алған біліміңді пайдаланып, сынақты жақсы тапсырып шығуға мүмкіндік көп.
Түлектерге айтарым, бойда қорқыныш пайда болса, ойды басқа нәрсеге бөлу керек. Ұйқы да дұрыс болғаны маңызды. ҰБТ — бар болғаны өмірдің бір сынағы ғой. Аз балл жинап, білім грантын алмасаң, өкінудің қажеті жоқ. Өмір ҰБТ-мен шектелмейді. Жоғары оқу орнына ақылы да түсуге болады. Бастысы — арманға адал болуды, қоғамның дамуына үлес қосуды ғана ойлау керек, — дейді Дамир.
Мәдина Ақмерген де ҰБТ-дан жоғары балл алатынына сенімді. Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала мектеп гимназиясын «Алтын белгімен» бітірген түлек әл-Фараби атындағы ұлттық университетке маркетолог мамандығы бойынша құжат тапсырмақшы. Кейінгі сынақ тестіден 129 балл алыпты.
«Математика мен географияны таңдадым. Математика маған оңай. Тарих пәні қиындау. Себебі жаттайтын мәліметі өте көп. Мұғаліммен бірге дайындалып жүрген жоқпын. Өзім тауып оқыған дүниелер есімде жақсы сақталады. Қазір тек оқығанымды қайталап жүрмін. ҰБТ-ны арасында уайымдап қоямын, бірақ бұл тест тапсыруға кедергі келтірмейді деп сеніммен айта аламын. Алаңдасам, «Мен қорықпаймын», «Бәрі ойдағыдай болады» деп өзіме үнемі айтып отырамын. Тек ҰБТ-ға дайындық кезінде емес, өмірде де жақсы сөз айтып, өзімізді іштей қолдауымыз керек. Бүгінде маркетологтарға сұраныс өте жоғары, әсіресе бұл салаға қызығатын жас көп. Қызық видео, кино көріп, уақытты босқа кетіргенше, әлеуметтік желілердің бар мүмкіндігін мақсатыма пайдаланғым келеді», — дейді Мәдина.