Коронавирус жұқтырған тұрғыны көп өңірлер карантинді күшейтеді

Отырыста Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова халық арасында санитария тәртібі сақталмай отырғандықтан коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп бара жатқанын айтты.

Ауру адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде бір отбасы мүшелері арасында сырқаттану жағдайы көп тіркеліп отыр. Өткен 2 аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы еңбек ұжымдарынан, — деді ол.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус жұқтырғандар саны көбейген өңір әкімдіктеріне карантин шараларын күшейтуді тапсырды.

Әкімдіктер санитария-эпидемиология талаптарының сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтіп, талапты орындамаған объектілердің қызметін уақытша тоқтатуы қажет. Мемлекеттік орган басшылары ұжымның 80%-ін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруы керек.