Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау вице-министрі болды

Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров қызметінен босатылды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен және ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының келісімі бойынша Бюрабекова Людмила Витальевна ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды және бұған дейінгі Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы қызметінен босатылды, — деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Людмила Бюрабекова 1973 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын, 2004 жылы Қазақ фармацевтика институтын, 2014 жылы Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Мамандығы — дәрігер, провизор, іскерлік әкімшіліктендіру магистрі.

Еңбек жолын 2004 жылы Хафиз Мақажанов атындағы Қарағанды көпсалалы клиникалық ауруханасында дәрігер-фармаколог болып бастаған. 2005-2007 жылдары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді. 2007-2009 жылдары Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының стратегиялық даму және дәрі-дәрмектер саясаты жөніндегі бастығының орынбасары, 2009-2010 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті, дәрі-дәрмектер сапасын мен қолданылуын бақылау басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2010 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасының орынбасары, 2011 жылы Республикалық балалар оңалту орталығының стратегиялық даму және қауіпсіздік басқармасының бастығы, 2011-2013 жылдары Ұлттық медициналық холдингінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры, бас менеджері болды.

2013-2014 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық санитариялық авиация орталығы» оқу-клиникалық бөлімінің бастығы, 2014 жылы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының вице-президенті, 2014-2017 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының медицина орталығының бас инспекторы, басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2017-2019 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрағасы, 2019 жылғы мамыр айынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы болды.