Дос Көшім, саясаттанушы, қоғам қайраткері:

Дос Көшім
Дос Көшім. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ксенофобия, расизм сияқты көзқарастар адамның бойында туабітті пайда болады деп ойлаймын. Одан толық құтылу үшін Жер бетінен адамзатты жоқ қылу керек шығар. Мұндай нәрсе бұрыннан келе жатқан «біз» және «бөтен» деген ұғымнан пайда болатын сияқты, «түрі бөтен, тілі бөтен, түсі бөтен, демек, ойы мен мақсаты да басқа болуы ғажап емес» деген қорқыныштан да болар.

Мемлекет деңгейінде қатаң саясат ұстану мен қарапайым тәрбие осы дерттен арылудың жалғыз жолы деп білемін. Расизмнің «көкесінен» өткен Америка дәл қазір 100 жыл бұрынғы түсі бөлек адамға деген көзқарасын толық өзгертті деуге болады. Керек десеңіз, «негр» деген сөзді айтуға заңмен тыйым салды. Ал Қазақстанда Моңғолиядан келген қазақтарды «моңғол», Қытайдан келген қандастарды «қытай», ал Қарақалпақстаннан келгендерді «қалпақ» деп атағанын естігенде бізге де осындай заң керек екенін түсінесің. Нәсілшілдік пен ұлтқа бөлінуді заң арқылы тыюға болады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда да ұлттар арасында бөлектену бар. Кейінгі 10 жылда болған ұлтаралық араздықтар қазақ пен басқа диаспора өкілдері арасында болды. Әрине, кейбір қақтығысқа әлеуметтік мәселе себеп болған шығар, бірақ аз уақыттан соң ұлтаралық сипат алып шыға келді. Мойындауымыз керек, тәуелсіздік үшін қозғалыс кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де өзге диаспора өкілдерінің көбі кеңес идеологиясында, ресейлік бағытта қалды. Олар қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде қоғамның барлық саласында қызмет етуін қолдай қоймады. Егер бір ауыз сөзбен тұжырымдасақ, қазақтың ұлттық құндылықтарының жаңғыруын жақтамады. Әрине, бұл — олардың таңдауы, әр адамның пікірі, ойы, мақсаты болады. Бірақ әр қазақтың көкейінде «біздің жерімізде тұрып, біздің арман-мақсатымыздан алшақ өмір сүруінің себебі не?» деген сұрақ тұруы да заңды. Қарапайым, күнделікті кикілжіңдерде бұл мәселе көлеңкеде қалуы да мүмкін, бірақ адам өлімі немесе екі ұлт өкілдерінің топтық дау-дамайында бұл сұрақ күн тәртібіне шығады. Өз басым бұл кикілжіңдерді нәсілшілдікке де, ксенофобияға да жатқызбаймын. Қазақ ешқашан басқа диаспора өкілін, осы жерде өмір сүретін басқа аз ұлтты кемсітіп, заң арқылы шеттемеген. Бұл — мұсылман діні мен қазақтың салт-дәстүрінің қалыптастырған қасиеті, демек, нәсілшілдікке халықтың сан ғасыр бойы қалыптасқан әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі де қалқан бола алады.

Енді Қытайдан қорқу мәселесіне келейік.

Кейінгі кезде синофобия дендеп, шектен шығып бара жатыр деп ойлаймын. Осылай жалғаса берсе, «Еврейлерді жер бетінен жоямын» деген Адольф Гитлердің идеясының қасынан табыларымыз анық. 90-жылдары Ресей идеологтары бастаған («Қытайдан қашса, біздің қойнымызға кіреді») синофобияны Қытайдан келген қазақтар жалғастырса, қазір бұл фобияны Қытай билігінің аз ұлттарға бағытталған зорлық саясаты одан әрі қоздырды.

Сонымен қазақтар орыстарға, немістерге, африкалықтарға күйеуге шығып жатқан қыздар жөнінде «Тек қытайға бермейміз!» деуі, орыстар, корейлер тағы басқа ұлттар салып жатқан зауыт мен фабриканы көзге ілмей, «Қытайлықтарға зауыт салдырмаймыз» деуі — осы фобияның нақты көрінісі. Меніңше, дәл қазір синофобиядан құтылатын ешқандай жол жоқ сияқты.

Сая Бақимова, психолог:

Сая Бақимова
Сая Бақимова. Фото жеке архивінен

Психоанализ институтында бізді «расизм — психоздағы адамның бір белгісі» деп оқытты. Ал психоз — психикалық ауытқудың ең ақырғы формасы. Мұндай адамдар жағдайды дұрыс, шынайы бағалай алмайды, тым қатты паранойя ойдың құрбаны болады, әлемді тек екі түрлі бейнеде, тұтастай жақсы мен тұтастай жаманның текетіресі ретінде көреді. Аралық түс болмайды.

Үлкен қала тұрғыны бір күнде шамамен әртүрлі деңгейдегі психикалық ауытқуы бар алты адамды кездестіруі мүмкін. Психолог ретінде «Расизммен, ксенофобиямен қалай күресуге болады?» деген сұраққа халықтың психикалық денсаулығын күшейтуден, оған мән беруден бастау керек деп жауап берер едім.

Адамның психика тұрғысынан аяғынан нық тұра алатын, дер кезінде артық агрессиясын өңдей алатын мүмкіндігі болса, қылмыс азаяр еді. Сол себепті психикалық сауатты арттыру, мемлекет деңгейінде психологтар жұмысын ауқымды ету бұл проблемадан құтылудың жалғыз жолы болып тұр.

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:

Мұндай көзқарастарды жеңудің әмбебап әрі тиімді тәсілі жоқ. Ең әуелі ұлттық тұрғыда мобилизацияның, өзге ұлтқа қатысты теріс көзқарастың неден болып жатқанын, жалпы, ксенофобияның түп-тамырын іздеу керек. Ол көбіне объектив тарихи, әлеуметтік, экономикалық себептерден, ұлттың бойындағы «аман қалу инстинктінің» оянуынан, кейде білім мен тәрбиенің аздығынан, кейде тіпті шарасыздықтан болады. Ұлт өкілдері белгілі бір тақырып бойынша ұлттық бірегейлікті алға шығарып, оны саясиландыра бастаса, демек, оның артында осындай әркелкі себеп жатуы мүмкін. Кей ұлт өкілдері депривациялық көңіл-күйдің кесірінен ксенофобияға жол береді.

Мұхтар Сеңгірбай
Мұхтар Сеңгірбай. Фото: Yvision.kz

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы біреуді ұлтына, тегіне, нәсіліне қарай кемсітуге жол бермейді. Заң үстемдік орнаған елде мұндай ксенофобия пиғылдарын жариялау заңға қайшы. Бұл ксенофобия, расизм сияқты құбылыстар заң толық сақталмайтын елдерде көбірек болады деген сөз.

Екіншіден, толеранттық — әлеуметтік ахуал жақсы елде ғана болатын құбылыс, яғни әлеуметтік әділдік орнап, халықтың әл-ауқаты көтерілсе, адамдардың ертеңге деген сенімі күшейіп, қоғамдағы психология ахуалы жақсарады.

Үшіншіден, ұлттың бойындағы «мәдени жарақатты» емдеу керек. Ол үшін қоғам қасаң идеология қалыбынан шығып, тарих та, мәдениет те демократиялануы керек. Бір жағынан, «мәдени жарақатты» тым саясиландырып, қазіргі қоғамдағы саяси күрестің құралына айналдырып жібермеуді де қарастыру керек.

Өркениетті пікірталастың арқасында ұлт өткенін танып, әрі қарай болашаққа ұмтылуға тиіс. Бірақ ешбір қоғам әлі күнге дейін расизм, ксенофобия сияқты кеселден толық арыла алған жоқ. Ғалымдар мұны адамның бірегейлікті сақтауға деген ұмтылысының бір табиғи формасы деп түсінеді.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)