Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері Qaztest.kz сайты ұйымдастырған білім додасына еліміздің барлық өңірінен мыңдаған мектеп оқушысы қатысты. Жанар Сәбихан өзге жас дарындылармен бірге ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен оның шығармашылығы аясында білімімен сайысты.
«Байқау тесті 25 сұрақтан тұрды. Ұстазым Айгүл Бибатыровадан алған білім мен байқауға дайындық кезіндегі зерттеулер нәтижесінде жоғары ұпай жинап, екінші орын иелендім. Бұл олимпиада менің тіл біліміне деген қызығушылығымды арттырып, ой-өрісімді кеңейтті», – дейді Жанар Сәбихан.
Қазақ тілі мен әдебиеті жас ахметтанушының сүйікті пәндерінің бірі. Ал поэзия Жанар үшін — адами құндылықтарын қалыптастырып, рухани азық беретін ерекше әлем.