Алматыда көпшілікке арналған шараларға тыйым салынды

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингіде қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар әлі де тіркеліп жатқанын мәлімдеді. Олардың саны 2 715 болды. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтарға адам көп жиналатын орындарға бармау, қоғамдық орындарда қашықтық сақтау және басқа да санитария талаптарын ұстану керек екені ескертіліп жатыр.

Қаланың бас санитар дәрігерінің №38 қаулысына сәйкес мегаполисте мынадай шектеулер енгізілді:
— Алматы аумағында адамдар жаппай жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынады;
— көрермендер қатысатын мәдени және спорт шараларын өткізуге тыйым салынады;
— жаппай корпоратив және басқа да шараларды өткізу үшін жекеменшік иеліктегі үйлер мен ғимараттарды жалға алуға тыйым салынады;
— қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру нысандарының жұмысына тыйым салынады;
— оқушылардың топтасып экскурсияға шығуына тыйым салынады.

Қазір қалада карантин шектеулері сақталып, бассейндер, аквапарктер, аттракциондар және саябақтардағы сауда орындары, мәдениет және сауықтыру нысандары әлі ашылған жоқ. Санитария талаптарын жиі бұзғаны үшін жұмысын қайта бастаған кейбір кәсіпкердің бизнесін тоқтату мәселесі қаралып жатыр.

Карантин шаралары орындалмай, бұзыла берсе, бұл қаладағы санитария-эпидемиология жағдайының тұрақсыздығына әкелуі мүмкін, — деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, жұмысын қайта бастаған нысандарды, саябақтар мен гүл бағын бақылайтын мониторинг топтары жұмысын істеп жатыр. Денсаулық сақтау ұйымдарында профилактика тексерулері де үздіксіз жүріп тұр. Түрлі нысан қызметіне қатысты мәселелер коронавирус инфекциясын жұқтыру статистикасына қарай қарастырылады. Қалада вирус жұқтыру өсімі кейінгі 7 күнде 2%-тен аспаса, мәдениет орындары ашылуы мүмкін.