Алматыда бизнес нысандарының бірқатары қайта жабылуы мүмкін

Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингіде айтты.

Жүйелі ескертуімізге қарамастан карантин талаптарын жиі бұзатын нысандарға талдау жасаймыз. Олардың жұмысын қайтадан тоқтатамыз. Ауру жұқтырғандар әлі де тіркеліп жатыр. Карантин шаралары бұзыла берсе, әрине, бұдан қаладағы санитария-эпидемиология ахуалы тағы тұрақсыздануы мүмкін. Сондықтан Алматыда карантинді одан әрі күшейту мәселесін де қарастырамыз, — деді ол.

Жандарбек Бекшин Алматыда тыйымға қарамастан қоғамдық тамақтану және көңіл көтеру орындарында кісі көп жиналатын шаралар өтіп жатқанын айтты. Ол тұрғындарды мұндай жағдайларды хабарлауға, кәсіпкерлерді санитария нормаларын қатаң сақтауға үндеді. Бас санитар дәрігердің айтуынша, қалада қалыптасқан ахуалға байланысты бассейн, жағажай, саябақ, аттракион, шипажай, кинотеатр, фудкорт, балалар алаңы сияқты демалыс және көңіл көтеру орындары мен мектеп жанындағы сауықтыру орындары әзір ашылмайды.

Бұған дейін Алматыда 900-ден астам нысан қызметін қайта бастағаны хабарланған еді. Сауда, ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар 15 маусымнан бастап жұмысын жандандыруы керек.

Алматыда бүгінге дейін коронавирус инфекциясын 2 715 адам жұқтырды, 39-ы кеше тіркелді. Аурудан барлығы 1 634 адам жазылды, 10 адам қайтыс болды.