Алматыда қандай жағдайда карантин күшеюі мүмкін?

Алматыда вирус жұқтыру өсімі 7%-тен артса, карантин режимі қатаяды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингіде мәлімдеді.

Алматыдағы карантин
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қалада бүгінге дейін 2 201 адам коронавирус жұқтырған. Оның 84%-і ауруды науқас адамнан жұқтырды. Айығып шыққандардың саны — 1 319. 24 мамырда мегаполисте вирус 37 адамнан анықталған. Қаланың бас санитар дәрігері вирус жұқтыру көрсеткіші артса, карантин режимі қайта қатаятынын айтты.

Кейінгі 7-10 күнде Алматыда күнделікті вирус жұқтыру өсімі 5%-тен төмен. Сол себепті 25 мамырдан бастап қаладағы азық-түлік базарларын, қоғамдық тамақтану орындарын, қонақүйлер мен ауданы 500 шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтарын ашуға рұқсат бердік. Еске салайын, бұған дейін вирустың таралу көрсеткіші 7%-тен азайғанда карантин режимін жұмсартқан едік. Егер күнделікті вирус жұқтыру көрсеткішінің өсімі осы 7%-тен артса, режим қайта қатаяды, — деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, қоғамдық тамақтану орындары ашылғанымен бұл кезеңде банкет, сауық кештерін, басқа да түрлі іс-шара өткізуге тыйым салынады.

Сауда орталықтарындағы фудкордтар карантин режимін босаңсытудың екінші кезеңінде ашылады. Кинотеатрлар мен балалар ойын алаңдарының ашылуы үшінші кезеңге ығысады.

Бұл орындардың ашылу мерзімі қаладағы эпидемиология жағдайына байланысты. Ал балаларды мектепке дайындайтын жекеменшік білім беру орталықтары сияқты мекемелер жұмысы қашан басталатыны маусым айының басында шешіледі, — деді Алматының бас санитар дәрігері.

Ондай орталық жұмыс істеген күннің өзінде бір кабинетте 4-5 баладан артық отырмауы керек.

Жандарбек Бекшин қала шетіндегі бақылау-өткізу бекеттерінде Алматыға кіретін азаматтардың дене температурасы тексеріле беретінін айтты. Сәуір айынан бері блокпостан өтушілер арасында қызуы көтерілген адам кездеспеген.

Блокпостарды ғана емес, қала ішін де бақылап отырмыз. Азаматтардан ең бірінші сұрайтынымыз — маска тағу. Тұрғындардың көшеде, қоғамдық көлікте, азық-түлік пен азық-түліктен басқа тауар сатылатын базарларда, дәріханалар мен сауда, ойын-сауық орталықтарында маска тағуын қадағалаймыз. Азамат маскасыз жүрсе, 5 АЕК, яғни 13 890 теңге айыппұл төлейді. Адамдарды маскасыз кіргізуге жол берген лауазымды тұлғаға 15 АЕК, яғни 41 670 теңге айыппұл салынады. Шағын бизнес маска режимінің бұзылуына жол берсе, 100 АЕК — 277 800 теңге төлеуі керек. Орта бизнеске 200 АЕК, ірі бизнеске 500 АЕК — 1 миллион 389 мың теңге төлеуге тура келеді, — деді Жандарбек Бекшин.