— «Жаңғырық» телесериалындағы рольге қалай таңдалдыңыз?

— «Жаңғырық» телесериалына түсуді Taspa films ұжымы ұсынды. Кастинг директорлары хабарласып, сериал туралы айтты. Ал мен «Қазақ хандығынан» кейін басқа сериалға түспеймін деген қағидамен жүрген едім, бірақ режиссер Асхат Мұсабаймен, Taspa films ұжымымен танысып, сценарийді оқып шықтым. Телехикая өнерде жүрген адамдар туралы болған соң бірден ұнады да, ойнаймын деп шештім. «Жаңғырық» актерлар мен режиссерлардың көрерменге беймәлім өмірін көрсетеді. Әншілерге, актерларға «Сахнадан тыс кезде не істейсіздер? Бос уақытыңыз бола ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Сериалдың мазмұны осы сұраққа жауап беріп тұрғандай көрінді. Жас та болса, талантты Асхат Мұсабаймен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Маған сериалдың сценарийі қатты ұнады, бір деммен оқып шықтым. Сол кезде Алматыдан Таразға бара жатыр едім, жолда оқыдым. Сериалда өнер адамдарының өмірі, бәсекесі, рольді алуға таласы жақсы жеткізілген. Театр актерлары таңнан қара кешке дейін жұмыста жүреді. Әрқайсы өз ролін жақсы алып шығу үшін тынбай еңбектенеді. Телехикая — осы туралы.

Кинодағы алғашқы басты ролім — «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» сериалындағы Хайдар хан. Бұл сериалға кастинг бір жылға созылды. Мегажобаға қабылдандым деп айтсам, қателеспеймін. Мықты актерлармен, ардагер артистермен бірге ойнау мен үшін үлкен жетістік болды әрі тәжірибе жинадым. Түсірілім 4 жылға созылған еді.

Мұқағали Мырзамбетов
Фото: Taspa films

— Телесериалда сіз театр режиссеры болып ойнайсыз. Театрда, режиссурада тәжірибеңіз бар ма?

 — Спектакльде ойнау тәжірибем бар. Қазақ ұлттық өнер университетінде музыкалық драма курсын өткенбіз. Онда жалпы театра ойнауды үйретті. Оқып жүріп, үлкен қойылымдарда басты рольді де ойнап жүрдім. 2-курста оқып жүргенде «Астана мюзикл» театрының сол кездегі директоры Асхат Маемиров мені көріп, кастингіге шақырды. Театр «Ромео-Джульеттаны» үлкен жоба ретінде алып, көрерменге ерекше етіп ұсынған еді. Кастингіден өтіп, қойылымда Верона ханзадасы болып ойнадым.

Режиссурада тәжірибем жоқ, бірақ 2017 жылдан бері сценарий жазуға қызығып, бірнеше жоба дайындап көрдім. Фильм түсіру ойымда бар. Атыс-шабыс, комедия және мелодрама жанрларындағы үш толықметражды фильмге сценариім бар. 2018 жылы қолымнан режиссерлық келетін-келмейтінін сынап көру үшін пилот трейлер түсірдім. Трейлер желіде бар, көрермен тамашалап, бағасын бере жатар.

"Жаңғырық" сериалының актерлары
Фото: Taspa films

— Сериалдағы Ілиястан нені үйрендіңіз және оның сізге қандай қасиеті ұнамайды?

 — Өзім сол салада жүрген соң, белгілі режиссерлармен жұмыс істеп көрген соң Ілиястың ролін ойнау қиын бола қойған жоқ. Оның үстіне, Ілиястың табиғаты маған келеді, өзіме ұқсайды. Ол шыншыл, тікмінез, айтқан сөзінде тұрады, бәріне бірдей қарайды, ақ пен қараны ажырата алады. Режиссер Джами Бейсеновтің толықметражды «Ересектерге ғана арналған» фильмінде де режиссер болып ойнағам. Сондықтан бұл роль маған таныс еді.

— Көрермен «Жаңғырықты» не үшін көруі керек деп ойлайсыз?

— Сериалда өнерде жүрген адамдардың жұмысы, күнделікті тіршілігі, бос уақытта не істейтіні көрсетіледі. Актерлар әр қойылымға 2-3 ай дайындалады, театрда түнеп те қалады. Режиссерлар күндіз-түні қалың ойда жүреді. Халық «Жаңғырық» сериалын көріп, театрдың өмірімен, актер мен режиссер жұмысымен егжей-тегжейлі таныса алады. Осы сериал басталғалы мені танитындар күнде «Әрі қарай не болады, айтшы?» деп хабарласады. Мен қызық болмай қалады деп айтпаймын. Оны тек көру керек. 10-бөлімнен кейін сериал мүлдем қыза түседі. Оған сенімдімін.

"Жаңғырық" сериалының актерлары
Фото: Taspa films

— Мұқағали Мырзамбетов қалай актер болды?

— Бала кезімде түске дейін мектепте болсам, түстен кейін «Қарақат» мектеп-студиясында оқыдым. Кешке кәсіби дзюдо үйірмесіне баратынмын. Республикалық сайыстарға қатысып, жүлдемен қайтып жүрдім. Оқуға заң факультетіне тапсырсам да, іштей артист болғым келді. Актерлыққа келуім Қарақат пен Қыдырәлінің «Бағым сен» клипінен басталды. Сол клипте өзімді актер ретінде сынап көрдім, содан кейін осы мамандыққа қатты қызықтым. Колледжді бітірген соң Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алуға құжат тапсырдым.

Мамандығым — музыка актеры. Репертуарымда біраз ән болғанымен бәрін жарыққа шығармадым. Әзірше желіде тек екі ән бар. Биыл тағы бір әнді дайындап жатырмын. Оған клип те түсіргім келеді.

Мұқағали Мырзамбетов
«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» сериалының постері

Ән айту да, актер болу да табиғатыма жақын. Бұл екеуі мен үшін құстың қос қанаты сияқты, бірақ нақты біреуін таңдау керек болса, актерлықты таңдаймын.

— Түсірілім кезіндегі қиын болған көрініс немесе қызық оқиғаны айтып берсеңіз?

— «Жаңғырық» телесериалын Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында түсірдік. Түсірілім Рамазан айына тұспа-тұс келді. Ауыз бекіттім. Cағат 07.00-де түсірілім басталады, түнде бітеді. Сонда қызық жағдай болды. Ол сәтті әлі күнге дейін түсіру тобымен бірге еске алып, күлеміз: ауызашарға бір сағат қалған, түсірілім жалғасып жатыр. Менің қарным аш, шөлдегенім, шаршағаным бар. Сол кезде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» деген тіркесті айта алмай, шатасып қала бердім. Бірнеше рет түсірдік. Мен болсам, «Бір жеңнен бас, бір жағадан қол» деп әбден жаңылдым. Сол уақытта осындай сөзді айта алмай қалған бір корреспонденттің видеосы тарап жатты. Түсірілімдегілер қателескен сәтімдегі видеоны соған ұқсатып, қайта-қайта көріп, әбден күліп едік.