Талдықорғанда жаңа драма театры ашылды

Талдықорғанда 510 орындық жаңа драма театрының ғимараты ашылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа нысан Талдықорғанның 7-ықшамауданында бой көтерді. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы — 10 538 шаршы метр.

Облыс әкімі Амандық Баталов жергілікті өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтады. Ол жаңа театр Орталық Азия елдері театрларының VII халықаралық фестивалімен бір мезгілде ашылып отырғанын айтты.

Талдықорған жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, гүлденіп келеді. Халықтың саны да артып, Талдықорғанды тұрғылықты жері ретінде таңдаушылар қатары да көбейген. Шаһарда жаңа тұрғынжай орамдарымен бірге, әлеуметтік-мәдени нысандар да салынып жатыр. Жаңа нысан облыс орталығының ажарын ашып, түрлендіре түсті. Қала тұрғындары  және өз атымнан бірегей нысанды іске асыруға қатысқан көрнекті сәулетшілерге, дизайнерлер мен құрылысшыларға, күні-түні осы халықаралық театрлар фестивалінің ашылуы үшін ілгері жұмыс істеп жүрген азаматтарға алғыс білдіремін. Бірлескен еңбек пен шығармашылық ізденістің көптен күткен нәтижесі — осы классикалық дәстүр мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіретін сәулет өнерінің жауһары, — деді Амандық Баталов.

Әкім жаңа өнер ордасының бой көтеруіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор қамқорлығының арқасында қол жеткенін айтты.

Талдықорғандағы жаңа театрдың ашылуы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Театрдың ашылуымен жергілікті жұртшылықты КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театрлары қауымдастығының төрағасы Асанәлі Әшімов пен елімізге белгілі театр және кино қайраткерлері де құттықтады.

Құрметті достар, бүгін — біз үшін қос мереке. Жетісу астанасында осындай тамаша театрдың ашылуы және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің басталуы. Театр мен кино күн сайын дамып келеді, мұның бәрі сіздер үшін, халық үшін. Драма театрына көрерменнің танымы мен махаббатын тілеймін! — деді Асанәлі Әшімов.

Орталық Азия елдері театрларының VII халықаралық фестивалінде Қазақстан,  Қырғызстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия елдерінен келген ұжымдар 11 қойылымды көрермен назарына ұсынады.

Мәдени шара Орталық Азия елдері мен Қазақстанның театр өнері саласындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және осы сала мамандарын шығармашылық бастамаларға ынталандыру, жұртшылықтың назарын театр үрдісінің жаңа, заманауи үлгілеріне аудару мақсатында өткізіліп отыр.

Фестиваль Бикен Римова атындағы драма театрының жаңа және ескі ғимараттарында қатар өтеді. Қойылымдарды Талдықорған тұрғындары мен қонақтары тегін тамашалай алады.