Көрнекті театр актрисасы, Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина 103 жасында дүниеден өтті. Актрисаны соңғы сапарға шығарып салуға Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрына халық Нұр-Сұлтан мен Шымкенттен, еліміздің басқа өңірлерінен, тіпті Қырғызстаннан да келді.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазаға байланысты көңіл айтып, Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың көңіл хатын оқыды.

Көрнекті мәдениет қайраткері Айша Абдуллинаның дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақстанның халық артисі Айша апамыз Жұмат Шанин атындағы театрда 85 жылдай үзіліссіз еңбек етіп, қазақ драматургиясы мен әлемнің классика қойылымдарында 100-ден астам рольді сомдады. Ғұмыр жасы ғасырдан асқан абзал жанның өмірі кейінгі толқынға үлгі-өнеге болатыны анық, — деп жазылған көңіл хатта.

Ақтоты Райымқұлова актрисаның соңғы тілегін айтты.

Айша апамыз анамыздай, әжеміздей еді. Мұхтар Әуезов театрында өнер жолын бастады. Апамыз Алматыға әкеліп, туған жеріме қойсаңдар деп тілек етіпті. Бүгін апамыздың соңғы тілегі орындалды, — деді министр.

Актер, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбай актрисаның еңбекқорлығын, рольді бойына тез сіңіріп алатынын еске алды.

Айша Абдуллина
Сәбит Оразбай. Фото автордікі

Айша Абдуллина алғашында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, кейін «Алматы — көктем» фестивалінде халық артисі құрметті атағына ие болды. Театрдың іші — жарыс, бәсеке. Актердың бәрі бәйгеге қосқан жүйріктер сияқты. Соның өзінде Айша әпкеміз алдыңғы шепке шығып, соншама бейне жасай білді, — деді Сәбит Оразбай.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев академиялық музыкалық драма театрының директоры, театр режиссеры Асхат Маемиров актрисаның қызы мен күйеу баласына алғыс білдірді.

Айша Абдуллина
Фото автордікі

Апамыздың 100 жылдығы Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтанда аталып өтті. Сонда жастарға Айша апамыз жыр алыбы Жамбылмен, Күләш Байсейітовамен, опера әншісі Құрманбек Жандарбековпен және қазақ бишісі Шара Жиенқұловамен сахнаға қалай бірге шыққанын, Сталиннің кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін қалай қадағанын айтып берген еді. Қазақта ақ өлім деген ұғым бар. Айша Абдуллинаның қазасы да біз үшін — ақ өлім. Кейуанамызды осылай сән-салтанатпен шығарып салу да заңды. Апамызға қараған қызы тарих ғылымдарының кандидаты Айгүл апамызға, күйеу баласы Саит ағамызға алғыс. Қайғырып көңіл айтамыз, — деді Асхат Маемиров.

Театр режиссеры әйгілі актрисаның ұзақ жасауының сырын айтып берді.

Бір жолы апамыздан «Ұзақ жасауыңыздың сыры неде?» деп сұрадым. Сонда: «Театрда жүргенде «Айша апа, сізге түстікке барамыз, айтатын әңгімеміз бар еді» деп, үйге келген соң «сіз туралы Пәленше бүй деді, Түгенше сүй деді» деген әңгімелерін бастайды. Сонда құлағымды басып: «Маған сол адамның өзі келіп айтсын дейтін едім. Мен жан сарайымды таза сақтадым», — деген еді. Мұндай кісінің алды пейіш, арты кеніш болады, — деді Асхат Маемиров.

Айша Абдуллина
Фото автордікі

Айша Абдуллина 1916 жылы Алматыда дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны бітірген. 1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері, соғыс жылдары майдан даласында концерт берген. 1947 жылы Шымкенттегі қазіргі Жұмат Шанин атындағы театрға ауысып, онда 100-ден астам рольді сомдады. Актриса Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.