Мектеп жасындағы балалардың мінез-құлқы жөніндегі (HBSC — Health Behavior in School—Aged Children) сауалнама Еуропаның 45 елінде және Канадада жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан халықаралық әлеуметтік зерттеуді Орталық Азия елдері арасында бірінші болып қолға алды.
Елімізде сауалнамаға 110 республикалық мектептің 11-15 жас аралығындағы 6400-ге жуық оқушысы қатысқан.
Зерттеу нәтижесі Қазақстан жасөспірімдерінің көбінің отбасындағы, мектептегі, достарымен арадағы әлеуметтік қарым-қатынасы және жалпы денсаулығы салыстырмалы түрде жақсы екенін көрсетті. Балалар мен жасөспірімдердің жауап қорытындысына қарағанда үйдегі, мектептегі және достармен арадағы қарым-қатынас олардың психикасы мен денсаулығын нығайтуға ықпал етіп, қауіпті мінез-құлық жағдайларын азайтып отыр. Дегенмен кейбір үрдіс әлі де алаңдатады, мысалы, жасөспірім қыздар денсаулыққа көп мән бере бермейтін болып шықты.
Оқушылардың 57%-і денсаулығын өте жақсы деп бағалаған. 11 мен 15 жастағы ер балалардың өз денсаулығына беретін бағасы арасында өзгеріс байқалмаған, ал бұл жағынан өзіне жоғары баға беретін 11 жастағы қыз балалардың үлесі 60%, 15 жастағы қыз балалардың үлесі 44% болды. Мамандардың айтуынша, психикалық-әлеуметтік және мінез-құлық факторларына байланысты 15 жасқа қарай жасөспірім қыздар өзін өзі бағалауы төмендейді.
Жасөспірім шақ — ер балалар мен қыз балалардың дене бітімі өзгеретін кезең. Есейіп келе жатқан қыздың ағзасында көп өзгеріс болады. Ерте өтпелі кезеңнен орта өтпелі кезеңге қарай жасөспірім қыздар денсаулығына жиі шағына бастайды, таңертең тамақтануды сиретеді, артық салмақты уайымдайды, қозғалысы азаяды, — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары.
46 елдің арасында денсаулықты жоғары бағалауы жөнінен Қазақстанның жасөспірімдері алғашқы бестікке еніп отыр. Дегенмен біздің жасөспірімдердің жыныстық өмірі алаңдатады. Жыныстық қатынасты 15 жасқа қарай әр жетінші бозбала (14%) және қыздардың әр 1%-і бастайды екен. Әр бесінші бозбаланың (21%) секс кезінде қорғанбайтыны белгілі болды.
Ұлттық орталық жасөспірімдер денсаулығына қатысты әлеуметтік зерттеуді төрт жыл сайын жүргізіп отырады.