Білім және ғылым министрі мектеп түлектеріне кеңес берді

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр осы үш тараптың бірлігінің арқасында пандемия кезінде қашықтан оқыту аз уақыт ішінде сәтті іске асты деп есептейді.

Бүгін мен әрқайсыңызға жеке-жеке үндеу тастағым келіп отыр. Сіздер жаңа жағдайда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ерлік таныттыңыздар. Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіздер қиын жағдайға қарамастан оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқыту барысында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Соның арқасында төртінші тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті, бұл — білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға. Қиын кезде балаларына тіреу бола білген ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, оқушылар да жауапкершілікті ата-анамен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді. Олар білімге деген құштарлықты жоймай, оқу жылын ойдағыдай аяқтап жатыр. Министр мұны «нағыз ересек адамдарға тән қасиет» деп бағалады.

Құрметті мектеп бітірушілер, колледж бен университет түлектері! Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі мол, жақсы адам, биік тұлға болады деп сенемін. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы — мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар. Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін білемін. Нақты қадам жасап, ойдағыны іске асыру қажет. Мәселен, мен мектеп бітірген соң бірден грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау тұрды: біріншісі — ақылы оқу, екіншісі — бір жыл дайындалып, кейін ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, тестіні қайта тапсырамын деп шештім. Бір жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнадым. Нәтижесінде кейінгі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім, — деді білім және ғылым ведомствосының басшысы.

Асхат Аймағамбетов мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тестілеуден қорықпауға үндеді. Оның айтуынша, бұл жастар өміріндегі ең жеңіл емтихандардың бірі болмақ.

Нәтиже өз бетімен келмейді, ол қателесумен қатар жүреді. Кішкентай кезімізден бізді қате жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қате жасамау біздің санамызға құйылып келді. «Табысты адам ешқашан қателеспейді» деген жаңсақ ұғым қалыптасты. Алайда бәрі қателеседі, ең бастысы — одан сабақ алып, тәжірибе жинақтай білу қажет. Қате жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау керек, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп бітірушілер тамаша кезеңде өмір сүріп жатыр, қазір — армандайтын, батыл шешім шығаратын уақыт.

Белгісіздік пен өзгерістердің уақытында басты құндылық адалдық, әділдік, махаббат, қарапайымдылық пен батылдық болуы керек. Сәттілік серік болсын!Арманға қол жеткізіп, өмір құндылықтарын естен шығармаңыздар. Мереке құтты болсын! — деді бас педагог.