Биыл Қазақстанда мектеп бітіру емтиханы болмайды

Қашықтан оқыту жағдайында түлектер пәндер бойынша жылдық бағамен аттестатталады.

Аттестат пәндер бойынша жылдық баға негізінде беріледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімі өзгеріссіз қалады. Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай мен оқушылардың қашықтан оқыту түріне ауысуына байланысты Білім және ғылым министрлігі 9-класс (10) оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11-класс (12) оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады, — деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

2017 жылдан бері мектеп бітіру емтиханы аттестат алу үшін, ҰБТ нәтижесі жоғары оқу орнына түсу мен білім грантын иелену үшін қажет.

9-класс түлектері ана тілінен, математикадан, оқыту тіліне қарай қазақ тілі мен әдебиетінен немесе орыс тілі мен әдебиетінен, физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы пәндерінің бірінен, шет тілінен және информатикадан емтихан тапсыратын. 11-класс түлектеріне осы пәндермен бірге Қазақстан тарихынан емтихан тапсыру міндетті болды.