Ол кезде 3-курста оқимын. Жазғы демалыс басталып, Алматыдан Павлодарға жолға шықтым. Вокзалға келсем, жолсерік шабаданым тым үлкен екенін айтып, мені пойызға мінгізбей қойды. Шабаданды жүк қабылдайтын пунктке өткізуімді сұрады. Ол жерге барсам, қызметкерлер «бұл жүкті пойызға кіргізуге болады, жолсерікке қайтадан дұрыстап түсіндір» деп, мені қайтарып жіберді. Сөмкемді қайта сүйреп, пойыз жолына келдім. Қанша түсіндіруге тырыссам да, жолсерік «5 минуттан кейін пойыз жүреді, я шабадансыз мінесің, я мүлдем мінбейсің» деді. Не істерімді білмей, сасып қалдым. Ораза ұстап жүрген кезім, аздап әлсіреп тұрдым.
Қарындас, шабаданыңызды маған тастап кетіңіз. Павлодарға жүретін келесі пойызға салып жіберемін, — деді сол кезде бір жігіт арқамнан түртіп.
Сенуден басқа амалым қалмады. Себебі жүк қабылдайтын орынға барып келгенше пойыз жүріп кетеді. Тез арада бейтаныс жігіттің телефон нөмірін жазып алдым да, қолына 5 мың теңге ұстатып, пойызға мініп кеттім. Асыққаным соншалық, телефон нөміріне қоңырау шалып, тексеріп алмаппын. Қуанышыма орай, жігіт сөзінде тұрып, шабаданымды салып жіберіпті. Оған алғысым шексіз. Қазіргі кезде адамдарға сену қиын. Мәселен, ол бейтаныс адам ақшамды да, сөмкемді де алып кетсе, не істер едім?! Сондықтан сол жігіттің жақсылығын ұмытпаймын. Осы оқиға адамдарға деген сенімімді оятты.
Тағы оқыңыз: «Сол бір адам»: Ақтаудағы такси клиентінің қайырымды ісі