Осы орайда теңіздей көңілмен тамшыдай болса да, өз үлесімді қоссам деген ағайынның ақ ниетін әр өңірден ағылып келіп жатқан жүк көліктерінен айқын аңғаруға болады.
Сондай қолдаудың бір бөлігі Алматы облысы тұрғындарынан да келіп жетті. Жетісу керуені 15-тен астам жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмегін жеткізді. Оның 120 тоннасы азық-түлік болса, 140 тоннасы құрылыс материалдары (шифер, цемент, құрғақ қоспа (гипс), тақтайлар, кірпіш) болып отыр.
Жетісу жұртшылығының ақжолтай аманатын жеткізіп, үлкен топты бастап барған азаматтардың бірі, Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас құтты мекеннің көмегі мұнымен бітпейтінін тілге тиек етті. Жетісу өңірінен 15-ке жуық волонтер жастар еріп келген. Олар Мақтаарал ауданында 10 күнге қалып, елдімекенді қалпына келтіруге бағытталған кез-келген жұмысқа бір кісідей ат салысатындығын хабарлады.
Рамазан айында ізгі ниетпен келген жетісулықтар су тасқынынан зардап шеккен ағайынға ауызашар ұйымдастыруды да қолға алып, «Жетісу Мақтааралмен бірге» екендігін игі істерімен көрсетуді мақсат тұтып отыр.