Доналд Трамптың президент болуы Қазақстанға қаншалықты әсер етеді?

АҚШ-тағы президент сайлауы көптеген сарапшылар мен саясаткерлер күтпеген нәтижемен аяқталды. 17 айға созылған сайлау алды науқанының нәтижесінде 279 дауыс жинаған Дональд Трамп жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы таңдаушылардың 218 дауысын алған. Алайда сайлау басталмай тұрып, аузы дуалы саясаткерлер жеңісті Хиллари Клинтонға беріп қойған болатын.

Яғни мемлекеттік хатшының президент болуға білімі де, білігі де жетеді деп болжаған. Бірақ бүгінгі дауыс беру қорытындысы бойынша республикашылдар атынан сайлауға түскен 70 жастағы миллиордер жеңіске жетті.

«АҚШ халқына бірігетін уақыт келді. Республикашылдар мен демократтар және басқа да тәуелсіз ұйымдар бір ұлт екенімізді көрсетейік. Мен бүкіл Америка халқының президенті боламын деп уәде беремін. Бұл мен үшін маңызды», — дейді Дональд Трамп.

Сондай-ақ, Трамп заңсыз келімсектер мен жұмыссыздықты жойып, ел игілігі үшін бар қажыр-қайратын жұмсауға дайын екенін жеткізді. Тіпті АҚШ-пен қырғи-қабақ болып келген мемлекеттермен де қарым-қатынасты реттеуге мүдделі көрінеді. Су жаңа президенттің бұл бастамасы, әсіресе, Ресей үшін тиімді болмақ.

«Владимир Путин қай президентпен болса да тізе қосып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бастысы, екі ел арасындағы жанжалды бейбіт жолмен шешуге мүдделі болуы тиіс. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені біздің экономикамыз бір-біріне тығыз байланысты», — дейді Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының қызметкері Марина Клюкина-Витюк.

Алайда АҚШ-тағы президент сайлауы біздің елге қалай әсер ететінін ашып айту қиын дейді отандық сарапшылар. Өйткені Дональд Трапмтың бұған дейін саясат сахнасында аса бір салмағы болмаған. Сондықтан су жаңа президенттің ішкі ойы кімге болса да жұмбақ.

«Трамптың жеңіске жетуі біздің елге қалай әсер ететінін айта алмаймын. Өйткені оның қандай саясат ұстанатынын білмеймін. Сондықтан қандай да бір болжам жасау қиын», — дейді экономист Меруерт Махмутова.

Десе де 70 жастағы миллионердің билік басына келуі әлемдік нарыққа өз салқынын тигізіп үлгерді. Халықаралық қор биржасында баға құлдырап кетті. Әсіресе мұнай құны арзандап, кей мемлекеттердің валюталары құнсыздануда. Ал мұнай бағасына тікелей тәуелді төл теңгеміз де екі теңгеге арзандады. Есесіне әлемде алтынның құны қарыштап барады.

ДереккөзКТК