Басты бетЖаңалықтарМақтаарал ауданында...

Мақтаарал ауданында 1030 үй су астында қалып отыр

Қазір ауданның Фирдоуиси, Нұрлыжол, Өргебас, Достық және Жеңіс ауылдарында 1030 үй су астында қалып отыр. Ауданда судан қорғайтын бөгет тұрғызылып, су сорылып, шығарылып, халықтың мүлкі эвакуацияланып жатыр.

Су басқан ауылдардан 6,2 миллионнан астам текше метр су сорылды. Жалпы ұзындығы 22 шақырым болатын уақытша бөгет салынды, 87 000-нан астам қап төселді және суды бұру үшін үш коллектор орнатылды. Өргебас ауылының ішкі автожолдары ашылды, — делінген хабарламада.

«АМО» ММ шұғыл бригадасы мен Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің психологтары судан зардап шеккен халыққа медициналық және психологиялық көмек беріп жатыр. Су басқан ауылдардан су сорып, қалпына келтіру үшін 626 адам, 324 техника, 17 жүзу құралы және 217 мотопомпа жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда жарылды. 2 мамырда сағат 04.30 шамасында Мақтаарал ауданының өзбек шекарасындағы коллекторына су толып, одан соң бірнеше елді мекенді тасқын басты. 31 мыңнан астам тұрғын баспанасын уақытша тастауға мәжбүр болды. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қазір оқиға орнында төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Ауылдарды Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп қалпына келтіреді.