Басты бетЖаңалықтарМақтааралда су...

Мақтааралда су басқан ауылдардың әр тұрғыны 100 мың теңге алады

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үкімет комиссиясы өзбек делегациясымен бірге су басқан аумақты шолып шыққаннан кейін Мырзакент елді мекенінде тұрғындармен бірге жиналыс өткізді. Онда Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысы бойынша зардап шеккен ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды.

Мырзакент төңірегінде жаңа ықшамаудан салынады. Оған Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударады. Жаңа тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады.

Өмірзақ Шөкеев су астында қалған екі ауыл — Фирдоуси мен Өргебас азаматтарына үш түрлі ұсыныс айтты: басқа елді мекенде үй салып, сол жаққа көшу, суға кеткен ауылдағы үйлерді қалпына келтіру және баспанамды өзім қалпына келтіремін деушілерге қаражат беру.

Тұрғындар өзара кеңесіп, осы үш амалдың тиімдісін таңдауы керек.

Диқандар мен малшылардың шығыны шұғыл штаб комиссиясы жүргізген ревизия қорытындысы бойынша Үкімет резервінен өтеледі. Зардап шеккен фермерлер несие төлеуден уақытша босатылады. Жергілікті билік ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеу институттарымен бірге суға кеткен егіс алқаптарын қалпына келтіреді.

Мақтаарал ауданы
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Тасқын салдарын жоюға Өзбекстан көмек беріп жатыр. Көрші елден шынжыр табанды және дөңгелекті тракторы, мотопомпамен жабдықталған өрт сөндіру машинасы бар барлығы 100-ден астам арнайы техника мен 200 маман келді, олардың арасында гидротехниктер бар.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтаарал ауданында тасқыннан зардап шеккендер үшін мыңнан астам баспана салынатынын хабарлаған еді.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда бұзылғанын еске салайық. 2 мамырда сағат 04.30 шамасында Мақтаарал ауданының өзбек шекарасындағы коллекторына су толып, одан соң бірнеше елді мекенді тасқын басты.