Үкімет Мақтааралда зардап шеккендерге 1000-нан астам үй салады

Үкімет Өзбекстандағы суқойма апаты салдарынан баспанасынан айырылған Түркістан облысының азаматтары үшін мыңнан астам тұрғын үй салуға кіріседі, — деп жазды Президент.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 мамырда Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтік делегациялары төтенше жағдай салдарын жою мәселелерін бірлесіп шешу жөнінде кездесу өткізген.

Делегациялар екі елдің су астында қалған аумақтарын тікұшақпен ұшып аралап шығып, Сардоба суқоймасының ағыны толық тоқтағанына көз жеткізді. Қос тарап Сардоба суқоймасын қалпына келтіру мәселесі жөніндегі өзара келісілген жұмысты ұйымдастыруға уағдаласты.

Фирдоуси және Өргебас ауылдарын қалпына келтіруге Өзбекстаннан мамандар мен 100-ден астам техника келген.

Айта кетейік, бұған дейін Роман Скляр бастаған Үкімет комиссиясы Мақтаарал ауданында болып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездескен еді.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда бұзылған. 2 мамырда сағат 04.30 шамасында Мақтаарал ауданының өзбек шекарасындағы коллекторына су толып, одан соң бірнеше елді мекенді тасқын басты.