Алматыда Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдығы аталып өтті

Кәкімжан Қазыбаев — журналист, жазушы, қоғам қайраткері. Биыл 90 жылдық мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Жиынға қазіргі қазақ журналистикасының аға буыны, Кәкімжан Қазыбаевтың жақын туыстары мен студенттер қатысты. Конференцияда жазушы-журналист туралы естелік айтылып, баяндамалар оқылды.

Жазушы, тележурналист Сұлтан Оразәлі Кәкімжан Қазыбаевтың төрт ерлігін атап өтті.

Бірінші ерлігі — Орынша апамызға үйленгені. Орынша апамыз – «халық жауының» қызы. Бұл кісімен сөйлесіп, тіпті, үйленбек түгілі қасына барған адамның өзі есепке ілінетін. Екінші ерлігі — Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін одаққа танытып, әділдікке қол жеткізу жолындағы күрескерлігі. Үшінші ерлігі — Кеңес дәуірінде өзінің халқына, мәдениетіне қарсы сөйлеген басшылар биліктен қолдау тауып, «жақсы адам» атанып жүрді. Ал бұл кісі қазақтың жері тоз-тоз болмасын деп Неміс автономиясын құрғызбауды мықтап қолға алып, осы жолда аянбай күресті. Төртінші ерлігі — күндіз-түні ҚазТАГ-та от пен судың ортасында жүріп, партияның жұмысымен де айналысты. Кешкісін үйіне келіп, бала-шағасы ұйқыға кеткенде роман жазуға отырған. Жазушылық ерлігі осы дер едім, — деді Сұлтан Оразәлі.

Кәкімжан Қазыбаевтың жары Орынша Қарабалина — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз. Орынша Қарабалина жазушының әділетсіздікті аса ұнатпағанын айтты. Оның айтуынша, жазықсыз жандар айыпталып жатса, Кәкімжан Қазыбаев оларды құтқарып қалуға тырысады екен.

Димаш Ахметұлы Кәкеңді жоғары лауазымға, хатшылыққа шақырғанда ұсыныстан бас тартып, бармай жүрді. Біраз уақыт өткенде Димекең кеңсесіне қайта шақырып, «Не істейтін болдың, ойланған боларсың?» деп сұрағанда, Кәкең сол бұрынғы жауабын айтады. «Онда портбилетіңді өткіз» дегесін, Кәкең бұл қызметке амалсыз кірісуге келісімін беріпті. Бірақ хатшы болып жүргенінде ылғи «Әділеттілік төменгі жақта ғана бар. Жоғарыда, әсіресе, анау Мәскеуде әділет жоқ» деп айтатын, — деді Орынша Қарабалина.

Кәкімжан Қазыбаевтың «Кернеген кек» повесі, «Ызғар», «Аманат» романдары бар.  Таңдамалы шығармалары 2003 жылы жарық көрген. Сергей Штеменконың «Бас штаб соғыс жылдарында» атты мемуарлық кітабын, Бауыржан Момышұлының «Офицер күнделігін» қазақ тіліне аударған. Жазушы 1989 жылдың 21 қазанында Алматыда дүниеден өтті.

ДереккөзTengrinews.kz