Айлық есептік көрсеткіш 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 651 теңге, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 2 778 теңге болып белгіленгенін еске салайық.
Көлік салығы
Салық кодексінің 492-бабының 3-тармағы бойынша салықты есептеу үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 651 теңге қолданылады.
Алым, төлемақы және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер
Салық кодексінің 553, 557, 582 және 609-баптары бойынша тіркеу алымдары, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға берілетін лицензия төлемақысы, жануарлар дүниесін пайдалану үшін төленетін төлемақы және мемлекеттік баж мөлшерлемесі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай алымдарды төлеу күнінде қолданыста болатын АЕК-тің еселенген көлемімен есептеледі. Төлемді 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін төленген жағдайда 2 651 теңге АЕК есепке алынады, төлемді 2020 жылдың 1 сәуірінде және одан кейін төленген жағдайда 2 778 теңге АЕК қолданылады.
Арнаулы салық режимi
Салық кодексінің 683-бабының 2-тармағы бойынша шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимі мынадай талаптарға сай болуы керек:
патент негізінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК-тің 3 528 еселенген мөлшерінен аспайтын;
оңайлатылған декларация негізінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК-тің 24 038 еселенген мөлшерінен аспайтын;
тіркелген шегерімді пайдалану бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК-тің 144 184 еселенген мөлшерінен аспайтын.
Демек, шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимі үшін шекті табысты есептеуге 2 651 теңге қолданылады.
Бірыңғай жиынтық төлем
Салық кодексінің 774-бабының 2-тармағы бойынша бірыңғай жиынтық төлем төлеушінің осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтiзбелiк жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК-тің, яғни 2 651 теңгенің 1 175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс. Демек, 2020 жылғы шекті табыстың мөлшері — 3 114 925 теңге.
Сонымен бірге Салық кодексінің 775-бабының 2-тармағы бойынша бір айдағы БЖТ сомасы республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда АЕК-тің 1 еселенген мөлшеріне және басқа елді мекендерде АЕК-тің 0,5 еселенген мөлшеріне тең болады. Бұған да қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК, яғни 2 651 теңге қолданылады. Осылайша БЖТ сомасы — қала тұрғындары үшін бір айға 1 АЕК немесе 2 651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге.
Ойын бизнесі салығы
Салық кодексінің 536-бабының 2-тармағы бойынша салық мөлшерлемесі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салық кезеңінің 1-күні қолданыста болатын АЕК мөлшері негізге алына отырып айқындалады. Салық кодексінің 537-бабы бойынша ойын бизнесі салығының салық кезеңі тоқсанға (квартал) тең, сондықтан жылдың екінші тоқсанынан бастап ойын бизнесі салығының сомасын айқындау кезінде 2 778 теңге мөлшеріндегі АЕК қолданылады.