Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш пен күнкөріс минимумы өзгерді

Департамент басшысының айтуынша, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына енген өзгеріске байланысты биылғы 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш көлемі 2 778 теңге болады.

Ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері 2 651 теңге деп белгіленген еді.

Ең төменгі зейнетақы 40 441 теңге болды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері 38 636 теңге болған еді.

Күнкөріс минимумы 32 668 теңге болды. Биыл 31 183 теңге болуы керек еді.

Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 17 641 теңге болды, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері 16 839 теңге болып келді.

Ең төменгі жалақы мөлшері — 42 500 теңге. 

Адамның жасы мен еңбек өтілі бойынша 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған зейнетақы төлемінің мөлшері 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап бұрынғы сомадан 5% артады. Мемлекеттік базалық зейнетақы, басқа да мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы жәрдемақының мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты 5% көбейеді. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер бұған дейін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері былтырғыға қарағанда 5% көбейген еді. Сөйтіп жылдық өсім 10% болып отыр.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, Үкіметке инфляция артқандықтан зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10% индексациялауды тапсырды.