Нұрсұлтан Назарбаев: Елге батыл менеджерлер керек

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеоконференция түрінде өткен кеңесте коронавируспен күрестің стратегиялық мәселелері, ел экономикасын қалпына келтіру мен дағдарыстан кейін дамыту жайы қаралды.

Өткен жылдары біз шикізатқа тәуелділікті азайту үшін табанды жұмыс істедік. Сондықтан дамудың барлық негізгі бағыты бойынша арнайы бағдарламалар әзірленді. Индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала бағдарламалары жүзеге асырылды. Оларға үлкен ресурс бөлінді. Біз Ұлттық қорға қомақты қаражат жинадық. Енді дағдарыс кезінде оның елге пайдасы тиіп жатыр, бірақ қордағы қаржы шексіз емес, оны үнемді және ең қиын жағдайда ғана пайдалану керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы азаматтар мен бизнеске дағдарыс кезінде бөлінетінін қаржы қатаң бақылануы керек екенін айтты.

Ең әуелі дағдарысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруымыз керек. Беріліп жатқан көмек бизнес пен халыққа жетуі үшін бөлінген әр теңгені қадағалау қажет. Қазірдің өзінде экономиканы қалпына келтіру мен дағдарыстан кейін дамыту бағдарламасын іске асыруға кіріскен жөн. Экономиканың негізгі салаларының, болашақ экономикасының, қаржы және әлеуметтік салалардың, қалалар мен ауылдардың даму бағыттарын анықтап алу маңызды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар тиімді жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Қазақстанды тиімді корпорация ретінде қарастыратын сәт туды. Ол стратегиялық әрі операциялық нақты жоспарға сай бірыңғай орталықтан басқарылуға тиіс. Ауыл әкімінен бастап Үкімет мүшесіне дейінгі мемлекеттік қызметшінің бәрі өз жұмысын қайта пысықтап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет. Экономиканы қалпына келтіріп, жұмыссыздықты азайту, халықты азық-түлікпен және басқа да қажет нәрсемен қамтамасыз ету үшін елге тиісті шешім шығара алатын батыл менеджерлер керек, — деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсеруге әкімдер мен министрлердің әрқайсы жеке жауапты екенін мәлімдеді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысын ол Қазақстан азаматтарын бірлікке, тәртіпті сақтауға үндеп қорытындылады.