Инфекционистер Президенттен еңбекақыны көтеруді сұрады

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Соны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Кейінгі жылдары расында санитария-эпидемиология қызметі жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажет реформалар жүргізіледі. Атап айтқанда, Бас санитар дәрігердің өкілеті күшейтіледі, — деді Президент.

Медицина қызметкерлері Мемлекет басшысына инфекционист дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселесін көтерді.

Біз қазір бюджеттің барлық қаражатын шоғырландырып жатырмыз. Сіздер Қазақстанның осыған дейін қалыптасқан дәстүрлі нарығы құлдырағанын түсінуге тиіссіздер. Бюджетке түсуге тиіс қаржының негізгі бөлігін толық ала алмай отырмыз. Дегенмен осындай қаржы қиындығына қарамастан бұл өтінішті қараусыз қалдырмаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұр-Сұлтандағы госпиталь 2 аптада салынып бітті. Құрылысқа республика бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Аурухана ғимаратын BI Group компаниялар тобы тез құрастырылатын блоктардан тұрғызды. Мұнда 200 науқасқа арналған орын бар, қызметкерлер мен пациенттердің қауіпсіздігі ескерілген, қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған.