Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда коронавирустан...

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандардың саны 14-ке жетті

Төтенше жағдай режимі жөніндегі мемлекеттік комиссия шұғыл штабының хабарлауынша, қайғылы оқиғалар Нұр-Сұлтанда және Шымкентте тіркелді.

COVID-19-дан қайтыс болғандар туралы ақпарат: Нұр-Сұлтан тұрғыны 1950 жылы туған, Шымкент тұрғыны 1962 жылы дүниеге келген, — деп хабарлады шұғыл штаб.

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың мәліметінше, астанада қайтыс болған 70-тегі пациентті 11 сәуірде сағат 21.45-те жедел жәрдем провизор стационарына ауыр халде жеткізіп, реанимация бөліміне дереу жатқызған. Қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. Созылмалы ауруларының салдарынан науқастың жағдайы нашарлай берген. 2011 жылы оның жүрегіне қан апаратын тамыры мен аортасы шунтталған, сонымен бірге артерия гипертензиясы, қант диабеті сияқты ауруларға шалдыққан.

Диагностика барысында тынысалу жеткіліксіздігі бар екіжақты полисегментар пневмониямен асқынған коронавирус инфекциясы расталды. 12 сәуірде науқас инфекция стационарына ауыстырылды. Қарқынды терапияға қарамастан 13 сәуірде сағат 22.20-де жүрегінің қызметі тоқтады. Реанимация шаралары толық жүргізілді, науқастың табиғи өлімі 23.40-та тіркелді, — деді Сәуле Қисықова.

Түркістан облысындағы Рабат ауылының 58-дегі тұрғыны да Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөліміне 11 сәуірде жатқызылған. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Қарағанды — Новосбір бағыты бойынша транзитпен жол жүріп бара жатқанда ыстығы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. Науқас денсаулығының нашарлауына байланысты өкпені жасанды желдететін аппаратқа қосылған. Ол бұған дейін артерия гипертензиясы ауруымен диспансерлік есепте тұрған. Вирус жұқтырған азаматқа емдеу хаттамасына сай қажет ем жасалып, республика мамандарымен бірнеше рет кеңес өткізілген. Пациент 14 сәуірде сағат 07.00-де қайтыс болды.

Дәрігерлер марқұммен қарым-қатынаста болған ұлын да Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызып, оқшаулады.

Қазақстанда коронавирус құрбандарының саны 14-ке жетіп отыр. Нұр-Сұлтанда екі, Алматыда екі, Шымкентте екі, Ақмола облысында төрт, Шығыс Қазақстан облысында бір, Қарағанды облысында бір, Павлодар облысында бір және Түркістан облысында бір адам қайтыс болды.

14 сәуір күнгі сағат 10.25-тегі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус барлығы 1 179 адамнан анықталды.