— Жолдас, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет. Коронавирус пандемиясына байланысты Мичиган штаты университеті білім беру жүйесін қалай өзгертті?
— Мичиган штаты университеті 13 наурыздан бастап онлайн оқыту жүйесіне ауысты. Қазір барлық сабақты Zoom платформасымен өтіп жүрміз. Семестрдің бітуіне бірнеше апта қалды, оқу жылын осылай аяқтаймыз. Университет сабақты онлайн тәртіпке көшіруіне байланысты, оған қоса, кітапханаға барып, қосымша зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік болмағаннан баға қою жүйесіне де өзгеріс енгізді. Бұрын бағалау жүйесі GPA форматында болса, қазір pass and fail деген жүйеге ауысты. Бұл дегеніңіз — төмен балл алып та, үздік тапсырған студентпен бір деңгейде бола аласыз, мүлдем нашар көрсеткіш көрсеткенде ғана транскриптке fail түседі. Бұл — студент үшін үлкен жеңілдік.
— Білім алатын елді, университетті қандай критерий бойынша таңдадыңыз?
— О бастан АҚШ-та білім алуды жоспарладым. Өйткені бұл елдің оқу жүйесі, білім беру тәртібі дүниежүзінде мойындалады. Мұндағы университеттер кез келген рейтингіде жоғарыда тұрады.
Ал университетке келсек, «Болашақ» бағдарламасымен құжат тапсыратын кезде оқу орындарының тізімін аласыз. Мен құжат тапсырған кезде тізімде АҚШ-тың 45-ке жуық университеті болды, соның 11-12-і ғана журналистиканы магистратура бойынша оқытады. Әуелі осы университеттердің оқу тәртібін, бағдарламасын зерттедім. Өзіме Мичиган университетінің оқыту жүйесі бірден ұнады. Оның үстіне, бұл университет магистратураны басқалары сияқты бір жыл емес, 2 жыл оқытады. Университетті таңдағанда осы нәрсеге де басымдық бердім. Өйткені АҚШ-та біраз уақыт қалып, тәжірибе жинағым келді. Сонымен бірге деректі фильм түсіруге, дата-журналистикаға көбірек қызықтым. Мичиган университетінде осы курстар болды.
АҚШ-та білім алудың артықшылығы — дүниежүзінің әр елінен келген студенттермен бірге оқисыз. Сіздің басыңызға да келмеген ойды көп жағдайда өзге елден келген студент айтады. Соның арқасында сіздің де ойлау қабілетіңіз өзгереді. Солай дамуға болады, жаhандану процесінен өте бастайсыз, бұл пайдасын тигізеді. Бұған дейін кез келген проблема төңірегінде қазақ ұлтының, Қазақстанның деңгейінде ойлап келсеңіз, енді дүниежүзі деңгейінде ойлай бастайсыз.
— Университте оқытылатын пәндердің практикамен байланысы туралы не айтасыз? Оқыған курстарыңыздың өндірісте пайдасы тиіп жүр ме?
— Фотожурналистика мен видеожурналистикаға қатысты Visual Journalism деген пән өттік. Мұнда фотоға көбірек мән беруге тырыстық, фотожурналистиканың бүкіл тарихына қысқа шолу жасадық. Дүниежүзі бойынша қандай фотолар танымал болғанын және оны қалай түсіргенін талдадық, содан кейін фотоға түсірудің техникасын, әртүрлі ракурсты үйрендік. Әр сабақта түрлі суретті сипаттап, оны көргенде не түсінгеніңді талдап беруің керек. Қарап тұрсаңыз, мұның бәрі — практика. Бұған дейін де фоторепортаж жасап жүрдім, бірақ көп нәрсені осы пәнді оқығаннан кейін білдім.
Практикада көмегі тиген тағы бір пән — деректі фильм түсіруге байланысты қосымша курс. 2016 жылдан бері деректі фильм түсіргім келді, соған байланысты оны қалай тартымды түсіруге болатынын көп зерттедім. Мені оқытқан профессор 30 жылғы тәжірибесінен деректі фильмнің құрылымын қысқа етіп түсіндіріп берді. Мұнда деректі фильм түсіруге идеяны қалай іздеу керек, сценарийді қалай жазу керек, сценарий жазу үшін кімдермен сөйлесу керек деген сияқты нәрсені меңгердік. Детройт қаласы туралы деректі фильм түсірдім. Осы практика кезінде университетте алған білімім көмектесті.
Сонымен бірге медиа және коммуникация саласында зерттеу жүргізуге қатысты екі пән өттік. АҚШ-та бұл сала әлдеқайда дамып кеткен екен. Шыны керек, медианарықты осылай зерттейтінін білмедім. Мысалы, АҚШ-та кеше болған оқиғаны журналистика факультетіндегі ғалымдар бүгін зерттеп үлгереді. Олар 50, 100 жыл бұрынғы медианы зерттемейді. Өйткені бұл тақырып сол кезде-ақ зерттеліп кеткен. Бір мысал келтірейін. АҚШ Президенті болып Дональд Трамп сайланған кезде медианарықта бірталай өзгеріс болды. Сол кезде халықтың медиаға сенімі азайды, манипуляция кезі болды. Ғылыми мақалалар топтамасын жариялайтын Google-дың Google Scholar деген платформасына Trump in media деп жаза қалсаңыз, мыңдаған зерттеу нәтижесін тауып береді. Дональд Трамптың АҚШ Президенті болып сайланғанына енді ғана 3 жылдан асты, ал журналистика саласындағы ғалымдар қаншама зерттеу жүргізген. Осындай ғылыми зерттеулерді қалай жасау керек екенін үйреніп жүрмін.
Тобымыздағы студенттермен бірге COVID-19 пандемиясы кезінде қазіргі медиа қандай тақырыпты талқылап, нені жазып жатқаны туралы контентанализ жасап жүрміз. Міне, ғылыми зерттеу жасасақ та, шынайы өмірден алыстап кетпедік. Дәл қазір өзекті болып тұрған коронавирус инфекциясын зерттеп отырмыз. Осы командада орыс басылымдарын зерттеуді мойныма алдым. Өйткені тобымда орыс медиасын оқи алатын және оны талдай алатын өзге студент жоқ.
— АҚШ медиасының тағы қандай өзгешелігін байқадыңыз?
— АҚШ-та мемлекет билігі тарапынан цензура жоқ, бірақ корпорациялардың цензурасы бар. Ірі корпорациялар басылымдарды сатып алған. АҚШ-тағы медиаресурстардың 90%-і алты құрылымның меншігіне кіреді. Журналистика партияларға бөлініп кеткен. Мысалы, Fox News Дональд Трамптың әр әрекетін мақтап отырады. Бұл — қазіргі президентті немесе үкіметті жақсы көру деген сөз емес, бұл — партияға байланысты нәрсе. Дональд Трамп Республикалықтар партиясының өкілі, ал Fox News — осы партияның принциптерін қолдайтын басылым. Сол себепті олар осындай мақала жазады. Бұл нәрсе журналистикадағы объективизмді жояды. Сол сияқты демократтарға да мойнын бұратын басылымдар бар. CNN, ABC, BBC сияқты ірі-ірі телеарналар демократтарды қолдайды. Осылардың арасында The New York Times балансты сақтап тұрған сияқты, олар өздерін ең либерал медиа санайды. Кейде олардан да біржақты позицияны байқауға болады.
АҚШ-та The Washington Post көп сыналып жатады. Өйткені басылымды сатып алған миллиардер Джефф Безос пен АҚШ-тың қазіргі президенті арасында бір кездері конфликт болған. Сол үшін Дональд Трамп «Джефф Безос басылымды маған қарсы айдап салып отыр» деп сынайды. Өз басым The Washington Post-ты сыйлаймын. Еңбегі байқалып тұрады, объектив болу принципін сақтайды. Негізінен журналистиканы 100% әділ, шыншыл, объектив ету мүмкін емес. Кез келген нәрсе бұрмаланады, кез келген материал өзгеріске ұшырайды, оңға немесе солға көбірек жақын болады. Қазіргі кезде өзгелермен салыстырғанда The New York Times пен The Washington Post-ты АҚШ-тағы ең сенімді, әділ басылым деуге болады, ал қалғандары партияларға бөлініп кеткен.
— Елімізде мектеп бітіргелі отырған балалардың дені қалай да мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсуді мақсат етеді. Өйткені университетке оқуға түсу барлық проблеманы шешетіндей көрінеді. Бұған ата-ананың да әсері болады. АҚШ-та мұндай тенденция бар ма?
— АҚШ оқу ақысы қымбат болса да, Қазақстан сияқты жылына он мыңдаған мемлекеттік грант бөлмейді. Сол себепті Америка азаматтарының бакалаврды бірден оқуға талпынысы жоқ. Қазақстан мен АҚШ-та бакалаврда оқығандар санын екі елдегі халық санына шақсақ, бізде көп болып шығады. Өйткені бізде тегін грант көп.
АҚШ-та дипломсыз жұмыс істеу жағынан да мүмкіндік көп. Соның ішінде ең жолға қойылғаны — программистер. Google-дан бастап Кремний алқабындағы бірталай корпорация жұмысқа орналасушыдан диплом талап етпейді. Мұны IT компанияларының өзі бұрыннан айтып жүр. Бастысы — жұмысқа қабылдау процесінен өтуіңіз керек. Онда әңгімелесуден өтесіз, стандарт емес сұрақтар қояды, түрлі практикалық тапсырма береді. Сол кезде компанияны таңғалдыра алсаңыз, жұмысқа қабылдайды.
Сонымен бірге АҚШ-та онлайн білім алу жақсы дамыған. Көп азамат онлайн оқып, сертификат алып, жұмыс істей береді. Америка азаматтары — прагматиктер. Олар дипломыңызға қарап жұмысқа қабылдамайды. Қолыңыздан не келетіне мән береді.
— Жуырда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті студенттерімен тікелей байланысқа шыққаныңызда сіз оқып жүрген университетте сала бойынша жұмыс істеп көрген мамандар сабақ беретінін айттыңыз. Өндіріс орнын көрмеген оқытушылардың немесе old school профессорлардың сабақ беруі туралы не ойлайсыз? Қазіргідей медиа трендтері жыл сайын өзгеріп отыратын уақытта олар студентке бірдеңе үйрете ала ма?
— Журналистика бойынша тек ғылыммен айналысқан профессорлар сабақ бермеуі керек деп ойлаймын. Теория мен практика бір-бірінен алшақ болмауы керек. АҚШ-та осы нәрсеге көп көңіл бөледі. Мұнда дәріс оқитын профессорлар кәсіби тәжірибесінің жартысын мамандық бойынша өндірісте өткізеді. Оқытушылардың дені — кәсібі бойынша біршама уақыт жұмыс істеп, кейін ғылымға келгендер. Олар бұған дейінгі кәсіби тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, оны студентке үйретеді. Бұл өте дұрыс. Өйткені көп студент университет бітірген соң жұмысқа орналаса алмай жүреді. Оның басты себебі — білім алушы көп жағдайда тек теориямен шектеледі, оған сабақ берген профессор шынайы өмірден алыс болады.
Менің ойымша, old school оқытушыларды қазіргі заманғы медианы зерттеуге бағыттау керек, олар бұл нәрсеге құлықсыз болса, сабақ бермей-ақ қойғаны дұрыс. Әрине, бұл дөрекі естілуі мүмкін, бірақ талап солай болуы қажет. Өйткені ескі жүйеде қалып кеткен оқытушы білімінің студентке ешқандай пайдасы жоқ. Қазіргідей технология жылдам өзгеріп жатқан заманда 40-50 жыл бұрынғы білімді қайталап оқыту — нонсенс. Өйткені ғылыми зерттеу жазғанда бұл білімді қанша жерден тырыссаңыз да, жаңа заманға бейімдей алмайсыз.
Білім жүйесі үнемі жаңарып отыруы қажет. Осы себепті де ескі біліммен қалып кеткен оқытушыларға реформа керек. Оларды технологиямен жабдықтап, қазіргі заманғы медиаға бейімдеп оқытатын деңгейге жеткізу керек. Сонымен бірге білім беруге практик мамандарды да көбірек тарту керек деп ойлаймын. Журналистиканың саласы көп. Оның әрқайсынан кәсіби тәжірибесі бар, саланы зерттеп жүрген ғалымдар сабақ беруі керек. Біздегідей «пәнді өткізетін адам жоқ» деп оны басқа оқытушыға бере салуға болмайды. Бұл студентті сыйламау деп ойлаймын.
АҚШ азаматтары білім алуға өте көп ақша жұмсайды, сондықтан олар оқытушылардың деңгейі де сондай жоғары болуын талап етеді. Мұндағы университеттерде бағалау процесімен айналысатын бөлек департамент бар. Әр семестр сайын студент оқытушыға, оқу процесіне баға береді. Бұл сауалнамада студенттің аты-жөні көрсетілмейді, сол себепті департамент шынайы жауап күтеді. Егер осы кезде профессордың рейтингі төмендеп кетсе, келесі жылы ол бұл пәнді оқыта алмайды, бірақ оқытушы білім беру форматын студенттердің ескертпесі, ұсынысы бойынша қайта түзесе, оған кейін бір мүмкіндік берілуі мүмкін. Профессорлар да бұл нәрсеге бейжай қарамайды. Өйткені келесі жылы бұл сабақты бермесе, жалақысы азаяды. Сондықтан олар студентке барынша тиімді, пайдалы болатындай сабақ өткізеді.
— Әңгіме оқытушылар туралы болған соң тағы бір нәрсені сұрағым келіп отыр. Сіз оқып жүрген университеттегі оқытушы мен студенттің қарым-қатынасы туралы айтып беріңізші.
— Қазақстанда бакалавр дәрежесін филология мамандығы бойынша оқыдым. Сол кезде кейбір профессор студенттерден өзіндік жұмыс қабылдайтын күнді бекітеді. Сол күні 100-ден астам студент кезекке тұрып, 3-4 сағатта әрең тапсыратынбыз. Бұл нәрсені профессордың өзін жоғары қойып, студенттерді сыйламауы деп түсінемін. Әр топтың жұмысын әртүрлі уақытта қабылдаса, кезек болмас еді және студент уақытын үнемдей алар еді. Содан кейін оқытушының айтқаны қандай жағдайда да заң болып есептеледі де, студенттер оны орындауға міндетті болып шығады.
Ал АҚШ-та университет әкімшілігі оқытушыға қандай жағдай жасаса, оқытушылар да студентке дәл солай көңіл бөледі. Өйткені мұндағы студенттер бір жыл оқу үшін 20-30 мың, тіпті 50 мың доллар төлейді. Сол себепті университет студенттің қиналмай білім алуына барынша жағдай жасайды. Бекітілген емтихан уақыты сізге ыңғайлы болмаса, оны ауыстыру үшін профессорға хат жазуыңызға болады, ол емтихан уақытын сізге тиімді датаға қойып беруге тырысады. Осы сияқты кез келген проблема туындағанда оқытушыңызға хабарласа аласыз, бірақ мұнда телефонмен сөйлесу этикаға сай деп есептелмейді. Сол себепті профессормен e-mail арқылы байланысқа шығып, түсінбеген барлық сұрағыңызды қоясыз. Ол ешбір студенттің хатын жауапсыз қалдырмайды, бастысы — жылдам жауап беруге тырысады. Кездескіңіз келсе, мұны да электрон поштамен жазып жібересіз, ол бос кезін айтып, өзіңізге қолайлы уақытты таңдауды сұрайды. Мұндағы оқытушылар студентке дос сияқты қарайды. Өзім сыйлайтын профессорларды айына бір рет кофеханаға шақырып, әңгімелесе аламын.
Сонымен бірге АҚШ университеттеріндегі оқытушылар студенттің сынын дұрыс қабылдайды. Мысалы, дәріс кезінде өзім келіспейтін, ұнамаған нәрсені үнемі ашық айтып отырамын. «Сенің жасың кіші, тәжірибең де аз, сондықтан сенің мені сынауға құқың жоқ» деген түсінік жоқ. Жапон халқының «Тәжірибе мен карьера жастықтан қорқуы керек» деген әдемі сөзі бар. Шынымен жап-жас студенттің бір ғана ойы 40 жылғы тәжірибесі бар кейбір оқытушыдан асып түсуі мүмкін.
— Америкада оқып келген Нұрбек Матжани Baribar.kz-ке берген сұхбатында «Болашақ» бағдарламасымен білім алған азаматтар Қазақстанда көп жағдайда асыра бағаланып жататынын айтты. Сіздің ойыңызша, шетелде оқыған адамның бәріне бірдей білікті маман деп қарауға бола ма?
— Нұрбек мырзаның ойымен келісемін. АҚШ-тың білім жүйесі қанша жерден тиімді болғанымен ол білімді игеру көп жағдайда студенттің өзіне байланысты. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен барлық студентке бірдей күйе жақпаймын, бірақ университетте тек оқытушының берген тапсырмасымен шектеліп қалатын студенттер де бар. Өз бетімен іздене бермейді. Сол себепті «Болашақпен» өзге елде білім алып келген мамандарға бөлек жағдай жасау, оған бөлек жалақы ұсыну дұрыс емес. Басшылар жоғары жалақы бергісі келсе, әуелі оны сынап көрсін. Ол басқа қызметкерлерден жақсы нәтиже көрсетіп, өзі жұмыс істейтін компанияны алға сүйреп жатса, сол кезде ғана мұндай нәрсені ұйымдастыруға болады.
— АҚШ-та білім алғысы келетін Қазақстан жастарына қандай кеңес бересіз?
— Америкада оқу үшін ағылшын тілін жоғары деңгейде білуіңіз қажет. IELTS емтиханынан 6 немесе 7 балл алудың өзі жеткіліксіз болады. Академиялық білімге 7 балл жеткілікті деп айтылады, бірақ одан да жоғары меңгеруге тырысқаныңыз өзіңізге пайдалы. Тобымда IELTS емтиханынан 7 балл жинаған Қытай студенті оқиды, бірақ ағылшын тілін білу деңгейі өзгелерден төмен. Бұл студент ағылшын тілінде мақала жазғанда немесе дискуссия кезінде қиналып жатады. Сол себепті ағылшын тілін мейлінше жетілдіріңіз.
АҚШ университеттеріне құжат тапсырғанда резюмені қоса жібересіз. Онда коммерция жағынан сізге пайда әкелмеген, бірақ қоғамға пайдасы тиген жобаларыңыз көрсетілгені де маңызды. Жоғары оқу орындары мұндай нәрсеге көңіл бөледі.
Содан кейін университет туралы білуге міндеттісіз, өйткені әңгімелесу кезінде ондағы оқытушылардан кімдерді танитыңызды сұрайды. Ешқандай профессорды танымасаңыз, университет туралы ештеңе білмей, жай ғана оның рейтингі үшін таңдасаңыз, оқуға қабылдамайды. Мұндай ақпараттың бәрі интернетте бар.