— Диас, шетелдегі жоғары оқу орнына қалай түстіңіз? АҚШ-тың білім жүйесін таңдауыңызға не себеп?

— Мектепті жақсы оқып шық­тым. Үздіктердің қата­рында болғаныммен ағылшын тілі бойынша деңгейім төмен еді. Ата-анам тала­бымды байқап, қазақ-түрік кол­леджіне оқуға жіберді. Бұл оқу орнында ағылшын тілі те­реңдетіліп оқытылады. Тараздағы қазақ-түрік колледжінен елге белгілі аза­маттар түлеп ұшқан. Сол биікке жеткен азаматтардан алған моти­вацияның әсерінен болар, шетелде оқуға бел будым. Біз бітірген уақытта 26 ба­ланың 12-сі сырт елдің оқу жүйе­сінде білім алуды жөн көрді. Солар­дың қатарында мен де болып, халықаралық TOEFL сына­ғынан 543 ұпай жинадым. Ал «Бо­лашақ» бағ­дар­ламасы бойынша талап 400-ден жоғары болуы керек. Ұпайым жеткілікті болғаннан кейін көп із­деніп, құжаттарды әзірлеп, тілді то­лық меңгеруге күш салдық. Америкадан көшбасшы болып оралған аға буын өкілдеріне қарап, ойлана келе осы елді таңдадым. Ең алғаш рет шетелге аттанып, тіл кур­сын оқуға Аризона штатының астанасы Финикске келдік. Талап бойынша тілді меңгеруге 1,5 жыл уақыт беріледі. Мен оны жарты жыл­да аяқтап, Индиана шта­тындағы Пёрдью универси­тетіне жолдама ал­дым.

Диас Жорабеков
Диас Жорабеков. Фото жеке архивінен

— Шетелде білім алғысы келетін Қазақстан жастары нендей жағдайларды ескеруі керек?

— АҚШ-та 5 жыл тұрып келсем де, сол ел туралы толыққанды білдім деп айта алмаспын. Алайда енді ға­на шетел көруге талпынған жастарға мына мәселелерді айтар едім. Көп адам өзге елде оқуға қыз­ды-қыздымен құжат тапсырады. Түскеннен кейін оқу бағдарламасымен танысып, ішкі талапқа енген соң қиындықтарға мойынсұнбайды. Себебі шетелде біздегідей жүрдім-бардым жү­йе жоқ, ерке баланың сценарийі жүрмейді. Бұл ерекше күш-қайрат, ерік-жігерді қажет етеді. Өзім алғаш оқыған жылдары бір пәнге қажет тапсырма үшін кі­тапханада 4-5 сағатымды арнайтынмын. Кейде қонып та қалатын уақыттар аз болмады. Себебі Америкада сабақ беретін ұстаздар сіздің қай жақтан келгені­ңізді, бұрынғы базалық білімі­ңіз­дің бар-жоғына қарамайды. Талап бәріне бірдей, яғни өреңіз әлемдік стандарттарды қабылдауға дайын бол­уы шарт. Ал ол күні-түні оқу­­­­мен келеді. Бұған қоса, өмір­лік қағида, яғни шыдам мен өжеттік те керек. Себебі та­­­лаптың тым жоғарылығына шы­дамай оқудан қол үзіп қал­ғандар болды. Тағы бір ес­керері, батыс елдерінде заң қа­таң. Тәртіп орнымен жүреді. Бә­­рі де заң алдына иіледі. Сон­дық­тан біздегідей тамыр-таныстық жүрмейді.

— «Ауылдан шыққан немесе еліміздің оңтүстігінен шыққан жастар шетелде көбірек қиналады» деген пікір­ді құлақ естіп жүр…

— Мұндай жағдайдың бар еке­ні рас. Бірақ бұл түбегейлі дұрыс деген сөз емес. Меніңше, адамның ауылда не қазақы отбасында өскені тілді меңгеруге тосқауыл бола алмайды. Ол адамның өзіне байланысты. Бір ғана мысал айтайын, менімен бірге жеті­сайлық жігіт шетелде оқуды қа­лады. Шынын айтсам, ол әуелі орыс тілін меңгерді, кейін ағылшын тілін ептеп үйренді. Ол маған қарағанда екі есе қиналды. Сабаққа екі есе шұқынумен болды. Алайда емтихан барысында бізді шаң қаптырып кеткен жайы бар, яғни адамның ерік-жігері толық бір мақсатты орындау­ға жетелеуі керек. Қазір сол жігіт Астанадағы жоғары лауазымда жұмыс істеп жатыр. «Оқи алмаймын» деген шектеу санада ғана қалыптасады.

— «Болашақ» арқылы оқуға түскендердің бірқатары стипендия­ны жеткізу қиын екенін айтады. Шетелде қаржы тапшылығы мәселесін қалай шешкен дұрыс?

— Бұл пікірмен келіспес едім. Себебі «Бо­лашақ» бағдарламасының кереметтігі сонда, ол бойынша оқуға бел буған азаматтарға қажет қаражатты толық өтеледі. Әр ақшаның өз есебі бар. Стипендияға бөлінген қаржыны жеткізе алмау адамның ысырапшылдығы мен үнем­шіл­ді­­гі­не келіп тіреледі. Ай сайынғы жатын орын, азық-түлік, жол шы­­­ғындары бәрін де есепке алу маңызды. Әрине, ақша тапқысы келгендер қосымша жұмыс та іс­тей алады. Сол себепті аса бір проб­­лема деу қисынға келмейді.

Диас Жорабеков
Диас Жорабеков. Фото жеке архивінен

— Әлем елдерінде оқуға талпынатындар қай елді таңдарын біл­мей қиналады. Қай мемлекеттің білім жүйесі жоғары бағаланады?

— Мынадай елдің білім беру жүйесі мына елге қарағанда төмен деп топшылауға болмас. Себебі анализ жүр­гізген емеспін. Десе де, Америка мен Ұлыбританияның білім жү­йесін саралауға болады. Сөзсіз, АҚШ-тың білімі мойындалады. Жаһандық рейтингтегі үздік 10 уни­верситеттің тең жартысы Құрама Штаттардағы білім ордалары екені ақиқат. АҚШ-та зерттеу бағыты мықтап қолға алынған. Лабораториялардың жабдықтал­уы, оқытылу жүйесі, кітапханалардың байлығы жағынан студенттерге қолайлы. Ал Ұлыбрита­ния­да күнделікті сабаққа қатысу міндетті емес. Бірақ ай соңында емтиханнан жоғары ұпай алу маңызды. Бұл тәртіпке ден қоя алмайтын жастар үшін қиындық туғызады.

Білім алу бөлек, оны өмірде қолдану бір бөлек. Шынын айтқанда, біздің елде жастардың кө­бі тек диплом үшін оқиды. Ал Аме­рикада адам қағаз үшін емес, қабілетін шыңдау үшін оқуға түседі. Қарым-қабілетін ашу үшін өзіне керек пәндерге таңдау жасайды. Кредит технологиясы деген осыдан шыққан. Ал біздегі жо­ғары оқу орындары конвейерлі білім беретін сияқты. Студент диплом алуды ғана көздеп, «әйтеуір бір мамандық алып шықсам болды» деп жатады. Бұдан кейін қабілетті маман шықпайды. Жұмыс беруші қолынан іс келмейтін маманды алмайды.

— Демек, еліміздегі білім беру саясатына өзгеріс керек пе?

— Жоғары оқу орындарында ғана емес, орта білім беру жүйесіне де өзгеріс қажет. Біз мектептегі балаға ақпаратты тым көп бе­ріп, қажетті-қажетсіз білімді тықпалағандай боламыз. Бұл — басты проблема. Балаға фантастикалық кітаптарды оқытып, армандауды, қиялдауды, еркін ойлай алуды да­мытуымыз қажет. Белгілі бір шеңберден шыға алмайтын жастар келешекте жұмыс күші ретінде ғана қалып қоя береді. Біздің мектептерде диктаторлық жүйе орнығып алған. Ер­кіндік өте аз. Сондықтан балалар жасық келеді. Осының салдарынан көшбасшылық қабілеттерді шектейміз. Бар ойы — үй тапсырмасын орындап, сабақты «4» пен «5-ке» бі­тіру ғана. Содан барып балалардың өмірге бейімділігі төмендей береді.

— Сіз оқыған университетте кә­сіби білім берудің практикалық жол­дары қандай болды? 

— Бізге коммуникациялық қа­білеттер өте жақсы деңгейде үй­ретілді, яғни елмен араласу, көш­­басшылық қасиетті бойға дарыту жолға қойылған. Америка университеттері Leadership, яғни тұлғалық қасиеттерді меңгеруді шарт санайды. Сондықтан америкалықтар үшін көшбасшы ғана керек. Себебі америкалықтар адамдармен сөйлесуге өте ашық. Мүмкіндіктерді көре біледі. Уақытылы жұ­мыс істеудің жолын түсінеді.

Мен оқыған Пёрдью университетімен келісімге келген компаниялар жұмыс беруші ретінде жыл сайын жәрмеңке ұйымдастырады. Ол жәрмеңкеде түйіндемеңізді беріп, сұхбаттасудан өте­сіз. Бірақ оған дейін университет ішінен арнайы мекемелер тегін сабақ беріп, бойыңыздағы қабіле­ттеріңізді жетілдіруге жәрдемдеседі. Осы көшбасшылық, өзіңді бірінші санау, өзгелермен тең дәрежеде сөйлесу әдісі маған Қазақстанға келгенде көп көмегін тигізді. Дәл осы қасиеттердің арқасында Қазақстандағы мықты компанияға шақырту алдым.

Диас Жорабеков
Диас Жорабековтің отбасы. Фото жеке архивінен

— Бүгінде «қазақ жастары шетелге үдере көшіп жатыр» дегенді көп еститін болдық. Бұл  -ненің әсері?

— Оның тамырын жаһанданудан іздеген дұрысырақ. Заманауи медианың дамуы жастардың қалаған елде білім алуына жол ашып отыр. Елден кетіп жатқандарды сатқын дей алмаймын. Өзге елге аттанған қазақ жастарының бірқатарының мемлекетке реніші бар екені рас. Қазақстандағы заң, ішкі саясат саласы адамдарды біраз қыспаққа алатыны жасырын емес. Жемқорлықтың тамыр жаюы, жалақының төмендігі, бизнес жүргізудің кедергілері шешілсе, елде қалуға мүдделі болатын жастар көбейеді.

— «Шетелде оқып келген маманды елде ұстап қалу үшін оған жоғары жалақы беру керек» деген пікір бар. Келісесіз бе?

— Белгілі бір дәрежеде келісуге болады. Біреулер тек диплом үшін оқып, ен­ді бірі қабілеттерді игеріп келеді. Басқа елде оқыған жастар салыстырмалы анализ жасағаннан кейін Қазақстанның кемшілігін бірден байқайды. Жайлы өмірді өз елінен көре алмағаннан кейін кетуге мәжбүр болады. Бірақ Қазақстанға қайтып келген әлдеқайда ұтымды екенін түсіну керек, өйт­кені шетелге қарағанда бізде бәсекелестік аса жоғары емес, маманға осы жағы қолайлы.

— Ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан Абай Тағыберген