Нұрсұлтан Назарбаев: Үкімет жақсы жұмыс істеп жатыр

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министр ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде ақпарат берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимылға бағасын берді.

Медицина қызметкерлерінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қиын жағдайда құқық қорғау органдары да жұмысының тиімді екенін көрсетіп отыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар да белсенді жұмыс істеп жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қазіргі кезде Президент тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру қажет екенін айтты. 

Президенттің барлық бастамасын халыққа жеткізу маңызды. Мен бұл мәселеге жуырда әкімдермен телефонмен болған әңгіме барысында да тоқталған едім, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда экономика қауіпсіздігін сақтау қажет екенін айтты. 

Дүниежүзіндегі экономика ахуалы күрделі, бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің көрсеткіші жаман емес. Дегенмен карантиннің салдары экономика көрсеткіштеріне әлі толық әсер ете қоймағанын ескеруіміз керек. Осы орайда шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Қазір дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейтінімізді ойластырғанымыз жөн. Экономика төмендеп, 2008 жылғы дағдарыстың салдарынан да ауыр болуы мүмкін, — деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын қолдау үшін Ұлттық қор мен Үкімет резервінен дер кезінде 10 миллиард доллар бөлініп отырғанын және экономиканың шикізат емес секторларын дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыру қажет екенін айтты.

Біз бұдан да зор сынақтардан өттік. Бұл ауыртпалықты да еңсереміз. Ең бастысы — елдің бірлігі мен сабыры. Менің ойымша, Үкімет жақсы жұмыс істеп жатыр. Ертең  Қазақстан халқына үндеу ретінде мақалам жарияланады. Қазір дүниежүзі қиын күй кешіп жатыр. Індеттің таралуы шегіне жеткен жоқ. Сондықтан баршамыз бір-бірімізді сыйлап, табанды, төзімді болуымыз керек, — деді Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы.