Нұрсұлтан Назарбаев өңір әкімдеріне телефон соқты

Әкімдер Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына өңірлердегі санитария-эпидемиология ахуалы, коронавирус инфекциясының таралуын тежеу шаралары мен елді мекендердегі медицина нысандарының жұмысы жөнінде мәлімет беріп, төтенше жағдай кезінде адамдар мен бизнесті қолдауға дайын екенін айтты.

Телефонмен сөйлесу кезінде оңтүстіктегі әкімдер көктемгі егіс науқаны туралы, солтүстіктегі әкімдер егіс жұмысына дайындық туралы да ақпарат берді, сонымен бірге су тасқынын болдырмау мәселесі пысықталды.

Нұрсұлтан Назарбаев төтенше жағдай кезінде азық-түлік тапшылығын болдырмауға ерекше назар аударды. Ол облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент басшыларына төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті сақтап, мемлекеттің көмегін әрбір мұқтаж адамға жеткізуді тапсырды.