Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын барлығы жеті логистика кешені мен 37 мың тонна азық-түлік сақтай алатын тағы сонша көкөніс қоймасы бар.
Кешенде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу шарасы туралы мәлімет берді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров көкөніс, бидай мен ұн жеткізу жайын баяндады. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов азық-түлікке қатысты қаладағы қазіргі жалпы ахуал жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке өңір әкімдерімен бірге азық-түлікті қымбаттатпауды, алыпсатарлыққа жол бермеуді, тұрақтандыру қорларын толықтыруды тапсырды.
Бұл – өте маңызды жұмыс. Халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ету – басты міндет. Осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері жәрдем сұраған жағдайда Қазақстан оларға ынтымақтастықтың белгісі ретінде тиісті көмек беруге әзір.
Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерге гуманитар көмек беруге дайынбыз. Қазақстан – аймақтағы көшбасшы ел. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде мұқтаж елдерге көмектесу – міндетіміз, – деді Президент.