Алматыдағы коронавирус жұқтырғандардың екеуінің жағдайы өте ауыр

Алматыдағы шұғыл штабтың хабарлауынша, коронавирус инфекциясынан емделіп жатқандардың біреуі — Алматы облысының тұрғыны.

79 науқастың жағдайы жақсы, екі ересек адам өте ауыр жағдайда, тағы екеуінің жағдайы ауыр, 13 адам орташа ауыр халде жатыр, — деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

6 сәуірде аурудан айыққан екі пациент үйіне жіберілді. Олар — 1997 және 1998 жылғы екі бойжеткен. Олардың бірі 15 наурызда Ыстамбұл — Алматы рейсімен ұшып келген, екіншісі вирус анықталған адаммен байланыста болған.

Аурудан барлығы 21 адам айығып отыр, олардың арасында екі бала бар. Ауруханадан шыққандар енді 14 күн үйдегі карантинде болады.

Қазіргі уақытша орталықтарда 521 адам жатыр, оның 79-ы — бала. Екікүндік карантинде 390 азамат (48 бала), ал үйдегі карантинде 4805 адам бар, — делінген хабарламада.

Алматыда коронавирусты барлығы 116 адам жұқтырғаны белгілі. Кейін тіркелген алты науқас ауруды бұрын жұқтырған адамдармен байланыста болғандар арасынан шықты.