Қызылордалық кәсіпкер Президент мәлімдемесіндегі қолдау шараларына пікір білдірді

Қызылорда облысындағы Smart Spec Servis ЖШС директоры Серік Сүйіндіков Мемлекет басшысының халыққа жасаған мәлімдемесі бизнес өкілдеріне үлкен қолдау екенін айтып, халықты қауіпті індетпен бірге күресіп, сабыр сақтауға шақырды.

Серік Сүйіндіков
Серік Сүйіндіков. Фото жеке архивтен

«Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесін баршамыз бір отбасыдай ұйып тыңдадық. Елімізде бұрын-соңды болмаған осынау күрделі жағдайда Мемлекет басшысының халыққа жасаған мәлімдемесі, әсіресе, мына бізге — жеке кәсіп иелеріне үлкен қолдау болды. Бизнес иелері экономиканың ең маңызды қозғаушы күші десек, еліміздегі ахуал мемлекет экономикасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл олқылықтардың орнын толтырып, түрлі кәсіптің қызметі тежелмес үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтып отыр. Бұған қоса, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде бұл сынақпен баршамызды бірігіп күресуге шақырған Мемлекет басшысы барлық тараптан қолдау-көмектер көрсетілетінін айтты. Ендеше, барша қазақстандықтарды қауіпті індетпен бірге күресіп, сабыр сақтауға шақырамын», — деді жеке кәсіпкер Серік Сүйіндіков.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюын да тапсырды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15% арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады.