Коронавирус тіркелерден бірнеше сағат бұрынғы Алматы өмірі

Зейнеткер апай
Фото: Мейірман Лес

Материал 13 наурызда жарияланды. Авторы — Мейірман Лес. Бұл кезде Қазақстанда коронавирус инфекциясы анықтала қоймаған еді. Елде төтенше жағдай режимі мен жалпыұлттық карантин болған жоқ. Қала тіршілігі әлі де болса, мамыражай қалпында еді.

Baribar.kz тілшісі көше, қоғамдық көлік, мешіт, тойхана, сауда нысандары, дәріханалар сияқты кісі көп жиналатын орындардағы ахуалды бақылады.

Материал жарияланғаннан бірнеше сағат өткен соң Қазақстанда екі адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны мәлім болды. Бұл — пандемияның еліміздегі алғашқы дерегі.

Бүгінде қатерлі вирусты жұқтырған адам саны күн санап артып барады. Еліміздің ірі қалаларында қазір медицина қызметкерлері, полицейлер мен маңызды шаруашылық жұмысшыларынан басқалар үйде отыр, өндіріс орындары жұмысы шектелді.

Фактчек: коронавирус инфекциясы туралы 10 миф

коронавирус
Иллюстрация: Dribbble.com/©Elena Baryshkina

«Адамдар коронавирус инфекциясын әдейі ойлап тауып, таратып жатыр», «Коронавирусқа қарсы вакцина бар», «Коронавирус кәрі кісілерге ғана қауіпті», «Ыстық ванна коронавирус инфекциясын жояды». Бұл — коронавирусқа қатысты тараған жалған ақпараттың бір парасы.

Дүниежүзіне коронавируспен бірге оған қатысты сан алуан ақпарат пен пікір де қоса тарап жатыр, бірақ оның бәрі шындыққа жанаса бермейді. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов пен Baribar.kz тілшісі Наргиза Аршидин коронавирус инфекциясы туралы ең көп тараған 10 мифті тізіп шықты.

Халық арасында жиі айтылған жаңсақ тұжырымдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Johns Hopkins университетінің мәліметі бойынша әшкереленді. Бұл — наурызда ең көп оқылған үш материалдың бірі.

Лейла Махмудова: Қызға болашақ ана деп қана қарау — дискриминация

Лейла Махмудова
Лейла Махмудова. Фото: Айгүл Хожантаева

Әйелді «отбасының ұйытқысы» деп қана білетін қоғам 8 наурызды да оларға сыйлық сыйлайтын мереке ретінде тойлаумен келеді. Baribar.kz ұжымы мереке қарсаңында Қазақстандағы әйел проблемасы, олардың құқығы мен мәртебесі туралы бірнеше материал әзірледі. Соның бірі — феминизм бағытындағы жобаларды ұйымдастырушы Лейла Махмудованың сұхбаты. Авторы — Еңлік Сақтан.

Қоғам белсендісі Лейла Махмудова жыл сайын 8 наурыз күні әйелдер шешілмей келе жатқан мәселелерді, патриархат қалыптастырған стереотиптер мен әйелдерге қатысты алалау-кемсіту, зорлық-зомбылық жағдайларын айтып, шеруге шығуы керек деп есептейді. 

Кейбір елде 8 наурызда әйелдер ереуілге шығады. Мұндай ереуілде әйелдер үйінен, жұмысынан шығып, сол күні жұмыс істеуден бас тартады. Бұл әйелдер жұмыс істемесе, өндірісте қандай көлемде тапшылық болатынын көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Әдетте әйелдің жұмысы үйде де, еңбек ұйымдарында да көрінбейді. Ереуілге шыққандар «біздің жұмысымыз көрінбесе, онда бір күн болса да, бізсіз жұмыс істеп көріңіздер» дегенді алға тартады, — деді ол.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Yatish Asthana)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!