09.44-те №11 және №25 троллейбустардың соңғы аялдама пунктіне бардық. Ол Марғұлан және Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан. Мұнда келуіміздің себебі — қоғамдық көлікте дезинфекция қалай және қай уақытта жасалып жатқанын көру. Троллейбус жүргізушілері қандай да бір мәлімет бере алмайтынын айтты. Оған себеп — мұндай нәрсеге басшылық рұқсат етпейді.

Фото: Мейірман Лес

№25 троллейбус жүргізушісі қоғамдық көліктің өзі отыратын бөлігі мен алдыңғы терезесін жуды, бірақ оның дезинфекцияға ешқандай қатысы жоқ. Оның айтуынша, дезинфекция әр сағат сайын емес, жұмыс уақыты біткен соң көліктерді автобус паркіне апарғанда ғана жасалады.

Қаладағы жолаушы тасымалына жауапты «Думан транс» серіктестігінің өкілдері де қоғамдық көлікті дезинфекциялау бойынша ақпарат бере алмайтынын айтты.

Фото: Мейірман Лес

12 наурызда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан азаматтарына коронавирус пандемиясы кезінде көп кісі шақырылатын ойын-той өткізбеуге кеңес берді.

Осыған байланысты жақын маңдағы тойхананың біріне кірдік. Тойхана әкімшісінің айтуынша, той, банкет уақытын алдын ала белгілеген кейбір адамдар жағдай қалай болатынын сұрап, хабарласып жатыр, бірақ тойхана әкімшілігі әзірше бұл туралы ешқандай шешім шығара қоймаған.

Фото: Мейірман Лес

Ақсай ықшамауданында бір-біріне жақын орналасқан бірнеше дәріханада бетперде болмай шықты.

24 сағат жұмыс істейтін дәріханалардың бірінің қызметкері бетперде түстен кейін келуі мүмкін екенін айтты.

Фото: Мейірман Лес

Ал «Үш сұңқар» сауда орталығында орналасқан Europharma дәріханасының қызметкерлері бетперде біраз уақыттан бері жоқ екенін және қашан келетінін де білмейтінін айтты.

Фото: Мейірман Лес

Кейінгі кірген дәріханада да бетперде болмай шықты. Қолға арналған антисептиктер де біткен.

Фото: Мейірман Лес

Дәріханаларда Алматыда жасалған антисептик сатылып жатыр. Бағасы — 260 теңге.

Фото: Мейірман Лес

Фармацевтердің айтуынша, адамдар кешеден бері цитромон, парацетамол, аспирин сияқты дәрі-дәрмекті көп сатып алып жатыр.

Карантин болған жағдайда сауда орталықтары, дәріханалар істей береді деп айтылды, бірақ сонда да адамдар «Қазақстанда коронавирус тіркелсе, үйден шыға алмай қаламыз ба?» деген қорқынышпен басы артық дәрілерді сатып алып жатыр. Дәріханада істесем де, бұл дәрілер менің үйімде жоқ, — дейді ол.

12 наурызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу шараларына орай жұма намазына қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеме бойынша жұма намазының алдында айтылатын 30 минут уағыз 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатылады. Намаз уақыты кірген бойда азан айтылады, төрт ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының екі ракағат парызы қысқа сүремен оқылады.

Діни басқарма жұма намазы парызынан кейін оқылатын 4 рәкағат сүннетті үйде оқуға кеңес берді. Намаздан кейін тәсбих тартылмайды, Құран оқылмайды, имам қысқа дұға жасайды. Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандаспайды.

Енді жамағат мешітке бетперде тағып келуі керек, намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шыққаны дұрыс, жұма намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеген жөн, қариялар, науқастар мен әйелдер намазға қатыспағаны абзал.

Фото: Мейірман Лес
Фото: Мейірман Лес

«Ақсай» мешітінде сағат 10.22-де үш адам ғана болды.

Фото: Мейірман Лес
Фото: Мейірман Лес

Есесіне құран оқитын бөлмеге адамдар топ-топ болып кіріп жатты. Олардың бірде-бірі бетперде тақпаған.

Фото: Мейірман Лес

Көшеде бетперде таққан әйел кездесті. Ол қорғаныс құралын қазіргідей тапшы болмай тұрған кезде сатып алған.

Фото: Мейірман Лес

Зейнеткер қоларбасына мол қылып азық-түлік салып алыпты.

Қырыққабат, сәбіз, нан және басқа да керек зат сатып алдым. Сауда желісінде азық-түліктің бәрі бар сияқты. Бірақ сүт пен тұз таба алмадым. Байқауымша, қазір көпшілік сұйықмайды, макарон өнімдерін көп алып жатыр. Өзім соншалықты көп азық-түлік сатып алмадым, өйткені ақшам көп емес, ал балаларым жұмыста. Алла жазса, алда сенбі-жексенбі бар. Оған дейін азық-түлік бітіп қалмаса, тағы аламыз, — дейді Алматы тұрғыны.

Зейнеткердің айтуынша, таңертең Magnum сауда желісінде адам көп болмаған, оған қарағанда Small-да кісі көбірек. Қала тұрғыны Magnum-ға кіріп-шығу егде адамдарға ыңғайсыздау екенін айтты.

Фото: Мейірман Лес
Фото: Мейірман Лес

Magnum сауда желісінде бос сөрелерді де, көп адамды да байқамадық, сәбіз тұратын орын ғана бос болды.

магнум
Фото: Мейірман Лес

Қорыта айтқанда, мемлекет деңгейінде коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл шаралары қолға алынғалы бері Алматыда аса бір дүрлігу байқалмайды. Қала өмірі әдепкі қалпында. Тұрғындар сақтыққа мән беріп отыр, қамсыз жүргендер жоқ.