Үйдегі зорлық-зомбылықты жасыру қандай жағдайға ұрындырады?

Baribar.kz редакциясына күйеуінен зәбір көрген келіншектің хикаясы мәлім болды. Әйел отбасындағы жағдайды дер кезінде жария етпеген, кейін одан туыстары да теріс айналыпты. Психологтар мен заңгерлер осы кейіпкеріміз сияқты отбасында зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдер мәселесі төңірегінде түсінік берді.

Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері жыл сайын артып келеді. Биыл 8 айда 597 қылмыс тіркелген. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсеткіші былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 36,6% көбейіп отыр.

Бұл материал “БҰҰ – Әйелдер” елдік офисімен бірлесе отырып, “Гендерлік негіздегі зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік науқан” аясында дайындалды. Осы шарада танымал блогер Айна Досмахамбетқызы порталымызға зорлық-зомбылық көрген бір әйелдің оқиғасын оның рұқсатымен баяндап берді.

Тұрмыстағы зорлық, әйел
Иллюстрация: Dribbble.com/©Jan Fischer

“Моңғолия қазағымын. Сол жақтағы белгілі ғылыми институтта жұмыс істеймін. Бакалаврды, магистратураны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да грант бойынша оқыдым. Сол уақыттарда әке-шешемнің Алматыға ақша жіберіп тұруға жағдайы келмеді. Содан 2-курстан бастап жұмыс істедім. Оқыдым, еңбек еттім, жігіттермен дос болуға уақытым болмады. Сөйтіп жүргенде Польшада оқып келген ауылдасыма жолықтым. Алты кездесуден кейін үйленуге шешім қабылдадық. Шешіміме ата-анамның “танитын адамымызға тұрмысқа шық” деген ақылы әсер етті. Той ауылымызда өтті. 3 аптадан кейін оқуыма баруым керек болып, Алматыға кеттім. Ол “АҚШ-қа оқуға барамын, Ұланбатырға виза тапсыруым керек” деп қалып қойды. Кейін SMS-пен жанжалдаса бастадық. Арада 7 ай өткен соң Алматыға келді. Бір күні шай ішіп отырғанда: “Сен пысықсың, сүйкімдісің. Мен ынжықпын. Қалайша маған тұрмысқа шықтың? Білемін, саған көп жігіт ғашық болды. Ана Ермекке неге үйленбедің?” деп сұрады. “Иә, сіз ынжықсыз” деп жауап бердім. Сөйткенімше ыстық суы бар шәйнекті лақтырып қалды. Бетімнен ары-бері ұрып, арқамды темір төсекке соқты, қөк ала қойдай етті. Тепкілеп жатқанда жармасып қолын тырнап алдым. “Жоғал” деп айқайладым. Шамамның жеткені сол болды. “Әкем анамды ұрғанда үстелдің астында отырып өскенбіз. Сенің де көретін күнің сол болады. Сені өлтірсем де, Алматыда ешкімің жоқ екенін ұмытпа”, – деді. Сол кезде үйді жалға алып, ақшасын төлеп отырғандықтан, одан ешқандай материалдық көмек көрмеген соң оны үйден шығарып жібердім. Болған оқиғаны ешкімге айта алмадым, тіпті Алматыдағы жан досыма да тіс жармадым, намыстандым. Түнімен ауырып шықтым. Сол кездегі балалығымнан болар, полицияны, жедел жәрдемді де шақырмадым. Мұрнымнан қан тоқтамай ақты, ең жаманы арқамның ауырғаны болды. Бірнеше жылдан кейін білдім, сол кезде арқам сынып, қисық бітіп кетіпті. Оқиға болған күннің ертеңінде құрбым келді, құшақтап жылағаным есімде. Моңғолиядағы анама “Мені сабады, үйден қуып жібердім” деп SMS жазғанымда “Ой, ессіз. Ел не дейді? Оны тауып алып, кешірім сұра, қайтар” деді. Тіпті “Денсаулығың қалай?” деп сұрамады. Содан жігіттің анасына жаздым. Ол кісі: “Көп болса, бір-ақ рет ұрған шығар”, – деді. Магистратураны аяқтап, ауылға оралдым. Келсем, тек мен жайлы өсек өрбіп жатыр екен. “Пәтерде жалғыз тұрады деп ойлап барсам, бір жігітпен жатыр екен. Мені сабап қуып жіберді”, – деп мен келгенше жала жауып үлгеріпті. Ата-анама ғана емес, маған да ауыр тиді. Келіні қайтып кетсе, қайын жұрты іздеп келетін дәстүр бар. Ондай ештеңе болмады. “Сен келсең, Ғалым асылып өледі” деп ортада әңгіме жүрді. Сол кезде де мұрнымнан қан тоқтамай ағып жүрді. Ата-анам “оқу өтіп кеткен ғой” деп қыркүйектен сәуірге дейін жатқызып қойды. Сынған арқамның қисық бітіп кеткені де содан екен. Кейін шыдамай Ұланбатырға кетіп қалдым. Заң жүзінде әрең ажырастым. Өйткені ол АҚШ-қа оқуға кетіп қалған еді. Оралған соң үйленіп алды. Ал мен әлі торығып жалғыз жүрмін. Қазақтардың консерватив көзқарасынан күйзеліске батып кеттім. Шаршадым. Бұл қоғамда ажырасқан әйел кісі өлтіргенмен тең сияқты. Екінің бірі сені оңай олжа көріп, пайдаланғысы келеді. Бір ортада пікір айтсам, қазіргі сингл статусымды бетіме басады. Ең қорланатыным – анамның мені түсінбей қолдамағаны, елдің сөзіне еріп кетуі. Бұл жақта мені тек сіңлім ұстап тұр. Соған қамқор болсам, менің көргенімді көрмесе, ешкім оған тиіспесе деймін”, – деп жазды кейіпкер.

Baribar.kz қиындыққа кезіккен әйелдің жағдайы және Қазақстанда жиі болатын тұрмыстағы зорлық-зомбылық жөнінде психологтар мен заңгердің пікірін білді.

Әйел не себепті зорлық-зомбылықты бүркеп қалды?

Кейіпкердің жағдайын On Clinic медицина орталығының дәрігер-психотерапеві Нәзира Иманғалиева эволюция психологиясымен түсіндірді. Оның айтуынша, қазір әйелді өмірді сақтау инстинкті басқарып тұр.

Алғашқы адамдар тайпа болып өмір сүрді. Бұл сол кезде қатал климат жағдайында топтасуға, жыртқыштардан қорғануға, қауіпсіздікте болуға, өмірді сақтауға қолайлы стратегия болды. Егер тайпадан бір адамды шығарып жіберсе, оның өлімге жолығатыны сөзсіз деп түсіндірілді. Қазір адамзаттың өмір сүру қалпы өзгерген. Адам жалғыз да өмір сүре алады, бірақ тірі қалу стратегиясы, “тайпамен бірге болу” түсінігі қалып қойған. Алайда оны біз аңғармаймыз. Сол себепті көп жағдайда адамды өмірді сақтау инстинкті басқарады. Әйелдердің бейсаналы түрде көнетінін, зәбір көргенін жасыратынын осымен түсіндіруге болады. Олар қоғамның сынына ұшырап, жалғыз қалып қоюдан қорқады, – дейді психолог Нәзира Иманғалиева.

Маман бұл оқиғаны бір ғана әйелдің тағдыры емес, қоғамда жалпы сипат алған жағдай екенін айтты. Оның пікірінше, отбасында болған оқиға қоғамда не болып жатқанын көрсетеді.

Ана мен қыздың арасында қандай жағдай болып отыр? Бұл да – қоғамның көрінісі. Шекарасы анықталған әр мекенде – ауылда, қалада, мемлекетте немесе басқа да критерий бойынша біріккен қоғамда белгілі бір ереже, қатып қалған қағидалар болады. Ол сол қоғамға лайықталған ережедей қабылданады. Ал сол қоғамдағы ережеге кірмейтін іс-әрекетті жасаған адамдар қоғамның қатал сынына ұшырайды. Содан адам өзін ортасында жалғыз сезінеді, адамдардан қолдау таппай қиналады, – дейді дәрігер.

Нәзира Иманғалиева мұндай зорлық-зомбылық қыздың отбасында да болғанын айтады. Анасының қызын қолдамауына да сол әсер еткен.

Бір қызығы, үйде екеуі ғана бола отырып, әйел күйеуіне қарсы тұра алды. Өзінің территориясын сызып, оны қуып жіберді. Одан кейін не болды? Анасына айтып еді, “Ессіз, ел не дейді? Оны тауып, кешірім сұра” дегенін естіді. Қызының денсаулығын да сұрамаған. Бұл нені білдіреді? Зорлық кейіпкердің үйінде де болған. Ол соны көріп өсті, оның қызығушылығы ескерілмеді. Анасы жағдайды анықтауға тырыспады, керісінше, оның өзін кінәлап, қиын жағдайда қызын қолдамады. Намысы тапталғанын елемеді. Жағдайды кері айналдырып, күйеуінен кешірім сұрауын талап етті және отбасындағы ұрып-соғу әрекетін “қалыпты жағдай” деп бағалады. Содан да кейіпкер басына іс түскенде ойланудың орнына жағдайға бірден көнген, – дейді маман.

Жағдайды қалай өзгертуге болады?

Психотерапевтің айтуынша, кейіпкер оқиға күні әрекетке көшкенде жағдай мүлдем басқа болуы мүмкін еді. Енді әйел ең бірінші өзінің жағдайын, құқығын қорғауды ойлауы қажет және адамдар не ойлайды, не айтады дегенге мән бермеуі керек.

Дәл мына жағдайда дене жарақаттанған, жұмсақ тіндері көгерген, сүйегі сынған. Зәбірлеуші сіздің күйеуіңіз болса да, мұндай зорлықты жасырып, бүркеуге болмайды. Кейіпкер енді не істеуі керек? Нақты бір дұрыс шешім жоқ. Бұл – әр адамның таңдауы. Дегенмен әйелде кем дегенде төрт нұсқа бар. Біріншісі – жабығып, торығуды жалғастыра береді. Екіншісі – сол ортадан кетіп қалуы керек. Үшіншісі – жағдайды өзгертуге белсенді кірісуі керек, өзінің құқығын қорғап, шындықты дәлелдеуі қажет. Төртіншіcі – жағдайға басқаша қарап, оқиғаны өткен іс деп қабылдауы керек, – дейді Нәзира Иманғалиева.

Кейіпкер енді не істеуі керек?

“Рухани қоғам әлемі” қоғамдық қорының президенті, психолог Лимана Құттыбекқызы кейіпкердің жағдайына әуелден өмірлік серігін таңдауы әсер еткенін айтады. Бұл – бір ғана кейіпкерде болатын емес, жалпы сипат алған жағдай. Маманның айтуынша, әйел ата-анасының үгітімен тұрмысқа шықтым деп ойлайды, бірақ ол ішкі жан дүниесімен үндес адамды өзі таңдаған.

Біз бейсаналы түрде өз теңімізден артығын қабылдамаймыз. Ата-ананы, ата-бабаны таңдап ала алмаймыз. Сол себепті қабылдай білуді үйренуіміз керек. Бірақ арада адам жүріп, екі жасты таныстырып жатса да, ата-анасы мақұлдап жатса да, күйеу таңдау кезінде иллюзияға беріліп кетеміз. “Бұдан да жақсысына шығар едім” деп ойлаймыз. Бұл – жай көрініс. Қыздар тұрмысқа шығарда табиғатына жақын, аз болса да, жанымен үндес адамға келісім береді. Ол ішкі инстинктіден тұрады. Отау тігіп, ерлі-зайыпты атанған күннен бастап әйел еріне қызмет еткісі келмесе, бағалап ыстық сезімге бөлемесе, онда ер адам жұбанышты ішімдіктен, нашадан, ойынқұмарлықтан немесе басқа әйелден іздейді. Агрессиясын шығаратын жол іздейді. “Неге?”, “не үшін?”, “ары қарай не істейміз?” десеңіз де, ол өз қалауыңызда, өз меншігіңізде. Батылдықты жинап, өзіңізге қарап, өз кемшілігіңізді бір сәт мойындасаңыз да, жаныңызда жақсы адам бар екенін түсінесіз. Бастысы, ерлі-зайыпты бір-бірін бағалай білуге тиіс,  – дейді психолог Лимана Құттыбекқызы.

Маман кейіпкерге өткенге орала бермей, оны қабылдауға және өз бақытына ұмтылуға кеңес берді.

Көп жыл өтті, бояуы сіңді. Одан сабақ та алды. Кейіпкер нені түсінді? Қандай шешімге келді? Менің саралауымша, өткен шақтың ауырлығымен әлі келе жатқан адам болған оқиғаны күніне бірнеше рет қайталап оқитындай. Өзі де өзгермеген. Білімді, жан-жақты, белсенді болғанымен отбасы мектебінен білімі жетілмеген. Ол өткеннің елесінен арылып, өмірге салауатты оймен жаңа қадам басуға әрекет жасауы керек. Әйелдің бақыты – ана болу, парызы – өз білімімен тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. Мен оған өзін, өзгені тануды үйренуге кеңес беремін, – дейді Лимана Құттыбекқызы.

Кейіпкер құқығын қалай қорғай алады?

Заңгер Ержан Болатбектің пікірінше, отбасында қоқан-лоқы көрсету немесе ар-намысына нұқсан келтіру мәселесінің шешімін таппауы құқық нормалары мен құқық институттарына байланысты емес. Басты мәселе азаматтардың өзінде. Олар құқығына салғырт қарайды немесе оларды қорғауға көңіл бөлмейді.

Кең таралған проблемаларды заңмен шешу жолы бар екенін білген жөн. Нақты осы жағдайда, соққыға жығылған кезде полицияны шақыртып, жолдасына қатысты әкімшілік хаттама толтырып, медицина сараптамасын жасап, күйеуінен барлық шығынды өндіруге болар еді. Жолдасын, өсек тартушыларды да жауапкершілікке тартуға болар еді. Қазір де солай етуге болады. Ол енді Моңғолияның құқық нормаларына байланысты. Халықтың құқық сауаты деңгейінің төмен болуы, әрі заңға сенбеуі соншалық, тіпті осы айтып жатқанымызды да бір ертегі және іс жүзінде болмайтын дүние деп бағалап жатқандар бар. Алайда өз құқығыңды қорғап, кінәліні жауапкершілікке тартуға болады. Әрине, оңай болмайды, әсіресе полицияның қызмет сапасы сын көтермейді. Дегенмен бұл соншалықты қиын да дүние емес. Ал азаматтық мәселелерді (денсаулыққа кеткен зиянды өндіру, намысты қорғау және тағы сол сияқты) шешу оңай, – дейді заңгер.

Кінәлі адам қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін?

Ержан Болатбек оқиғадан ұзақ мерзім өтіп кетсе де, кейіпкердің құқығын қорғап шығуға мүмкіндігі бар және зәбірлеуші қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.

Денсаулыққа келтірілген зиянның шығынын өндіру және ар-намысқа нұқсан келтіру фактісі бойынша сотқа беруге болады. Талап ету мерзімінің өту-өтпеуі және оның тоқтатылуын қарастыру қажет. Ең дұрысы – білікті әрі сенімді, жергілікті заңгерден кеңес алу, – дейді Ержан Болатбек.

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда отбасы қатынастары аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік көзделген (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы). Оған отбасы мүшелерін сыйламай, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады. Денсаулыққа орта және ауыр зиян тигізгені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал жала жабуға, қорлауға байланысты қылмыстық жауапкершілік бар. (Қылмыстық кодекстің 130-131-баптары).

Жеке тәжірибемде бір адам екіншіге былапыт дөрекі сөз айтқаны үшін, дүкен күзетшісі адамды бәрінің көзінше ұры деп айтқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жеке өмірге қол сұғу бойынша 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген (Қылмыстық кодекстің 147-бабы). Мысалы, жеке тәжірибемде бұрынғы әйелінің жеке құпиясын интернетте жарияланған азамат 7 жылға сотталды, – дейді маман.