Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі тікелей эфирді онлайн брифинг емес, үндеу деп қабылдаған жөн.
Өздеріңіз көріп отырсыздар, індеттің таралуы үдеп барады. Бір түнде 40-тан аса адамның анықталғаны — бұл алаңдататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жетті.
1 899 адам стационар карантинде. 3,5 мыңнан астамы үй карантинінде.
6 мыңнан астам адам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95%-і анықталды.
Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирустың таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр.
Өзге елдердегі жағдайға қараңыздар. Италияда бір күнде 969 адам қайтыс болған. Оның бәрі — сақтық шарасына салғырт қарағанның салдары. Бұл жағдай барлығымызға сабақ және ескерту болуы керек.
Коронавирус әсіресе жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде бәріміздің атамыз бен әжеміз, әкеміз бен анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, ең болмаса, сол үлкендерімізді ойлайық.
Кейбір адамда ауру белгісі бірден білінбеуі мүмкін. Ондай адам үйде отырмаса, өзі білмей, адамдарға жұқтырады.
Осылайша ондаған отбасының обалына қалуыңыз мүмкін. Осындай жағдайдан сақ болайық.
Қазір вирусқа қарсы ең тиімді күрес — карантин режимін сақтау. Сіздерден осыны тағы да сұраймыз. Үйден шықпаңыздар. Қазір шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандардың саны өсіп жатыр.
Бұл дегеніміз — ауру кез келген жерде жұғуы мүмкін. Қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, кезекте тұрғанда.
Алайда көп адамның бұл ескертулерге салғырт қарайтынын көріп отырмыз.
Мысалы, кеше, бір күннің өзінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылған. Оның 74-і қамауға алынды.
Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне себеп болуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан, ағайын, өзімізді, жақындарымызды сақтайық.
Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды. Көмектеседі.
Зейнеткерлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектесеміз. Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, жұмыстан босаған немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққандар төлем алады.
Бүгінгі таңда, Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға резервтен 14,7 миллиард теңге бөлді.
Оған қоса, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21,4 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент пен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдарын, дәрі және медицина құралдарын сатып алуға 10,7 миллиард теңге қарастырылған.
Қазір, салық бойынша тексерулер мен әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша істерді қарау тоқтатылды. Салық декларациясын тапсыру мерзімі 31 наурыздан 30 сәуірге дейін ұзартылды.
Құрметті ағайын!
Мемлекет коронавируспен күреске қажетті барлық шараны жасайды, бірақ бірінші кезекте әр адам өзін-өзі, өз отбасын сақтауы керек.
Сондықтан үйде болайық. Аман болайық.
Назарларыңызға рахмет!