Қызылорда облысына Үкімет делегациясы келді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкімет делегациясы Қызылорда облысында болды.

Биыл Қызылорда өңірінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту мақсатында 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.  Осы орайда облыс әкімдігі 3000-ға жуық ірі және орта кәсіпорынмен меморандумға қол қойды.

Өңірдегі кездесу нәтижесі бойынша өндіріс жоспарларын қайта қарау және мұнай бағасының өзгеруіне байланысты дағдарысқа қарсы жол карталарын әзірлеу жұмыстары тапсырылды. Сондай-ақ, еңбек міндеттемелерін орындау аясында еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорындардағы жұмысшылардың еңбекақысын мерзімінде төлеу бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Ералы Тоғжанов облыстағы туберкулезге қарсы диспансер және жұқпалы аурулар ауруханасының ахуалымен танысты.

Қазіргі таңда әлемді алаңдатқан коронавирус індеті Қызылорда облысында тіркелген жоқ. Бұл аурудың алдын алу мақсатында аймақта тиісті шаралар атқарылып жатыр. Осыған орай облыста 100 орындық провизор стационары және 400 орындық карантин орталығы қарастырылған. Бұл медициналық орындар қажет құрал-жабдықпен қамтылған.

Ералы Тоғжанов өңірдегі инфекциялық ауруларды емдеу орындарының эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жасап отыру мәселесін де атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық іс-шараларға уақытша тыйым салу, қоғамдық орындардағы санитарлық режимді күшейту сынды алдын алу шараларын бақылауға алу жайлы айтып өтті. Сонымен бірге тұрғындарды азық-түлікпен, басқа да тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация  13-15 наурыз күндері еліміздің батыс өңірлері мен Қызылорда облысында болды.