Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматыда тағы екі жағдай тіркелді.
Коронавирус індетін жұқтырған тағы екі адам Алматыда тіркелді. Осы сағатта Алматыда 17 адам, Нұр-Сұлтанда 18 адам, жалпы 35 науқас тіркелді, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі 18 наурыз, сағат 08.00-дегі эпидемиология ахуалы туралы.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында екі жаңа дерек туралы толығырақ айтты.
Бірінші науқас — 1998 жылы туған студент қыз, ол 15 наурызда Ыстамбұл — Алматы рейсімен ұшып келген. Екінші науқас та — әйел адам, 1974 жылы туған, ол Мәскеу — Алматы рейсімен 10 наурызда ұшып келген. Қазір науқастар стационар карантинінде, жағдайы қанағаттанарлық, — деді Диас Ахметшәріп.
17 наурызда Қазақстанда коронавирус барлығы 33 адамнан анықталғаны хабарланған еді. Ауру жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі жарияланды. Режим 19 наурыз күні 00.00-де күшіне енеді.