Қазақстандағы коронавирус: науқастардың қатары 27-ге жетті

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.

Бұған дейін сіздерге Алматыда коронавирус бойынша қосымша үш жағдай тіркелгені хабарланған еді. Енді Нұр-Сұлтанда тағы 14 жаңа науқас тіркелді, — деді Елжан Біртанов онлайн брифингіде.

Министрдің айтуынша, пациенттер түгел карантинге жатқызылып, оқшауланды. Олармен қарым-қатынаста болғандар анықталды. Елжан Біртанов халықтан сабыр сақтауды сұрады.

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясы бар 16 науқас, Алматыда 11 науқас емделіп жатыр.

коронавирус статистикасы

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысы бойынша Қазақстан 17 наурыздан бастап шетелден келушілердің міндетті стационар карантиніне жатқызылуы тиіс санатын өзгертті. Бұдан былай:

1А санаты (міндетті карантин): Франция, Иран, Италия, Испания, Германия;

1Б санаты (міндетті үй карантині): Қытай, Оңтүстік Корея, Шенген аймағындағы мемлекеттер (1A санатындағылардан басқа). 

Бұл екі санат бойынша шетел азаматтары Қазақстан аумағына кіргізілмейді. 

2 санат: Филиппин, Катар, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Таиланд, АҚШ. Бұл елдерден келгендер мониторингіне алынады. 

Жаңа қаулы бойынша Қазақстандағы барлық әлеуметтік-медициналық мекемеде карантин жарияланып, оларға қызметкерлерден басқа адамдар кіргізілмейді, оларда фото және видеотүсірілімдер жасауға тыйым салынады.