Қызылордада коронавирус бойынша эпидахуал тұрақты

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты үндеу жасады. Қызылорда өңірінде сала басшылары да Мемлекет басшысы жариялаған үндеуге орай жиын өткізді.

Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фирдоуси Қожабергенов қатысты. Басқарма басшысы Жақсылық Әбдусаметов аймақтағы эпидахуал тұрақты екенін мәлім ете келе, инфекцияның алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Инфекция таралғалы бері біздің аймаққа шет мемлекеттен 151 азамат келсе, оның 10-ы облыстық жұқпалы ауруханаға бақылауға алынып, нақты кезеңде тек біреуі карантинге алынды. Қалған тоғызы тексеріс нәтижесінде инфекция анықталмауына байланысты үйіне қайтарылды. Қазір ауруханада жатқан азамат – Сербия мемлекетінің азаматы. Германиядан әуе жолы арқылы коронавирус жұқтырған азаматпен бір бортта келуіне байланысты бақылауға алынған еді. Коронавирус инфекциясына зерттеме алынып, нәтижесі теріс болып шықты. Талапқа сай 14 күнге дейін бақылауда болады, — деді Жақсылық Әбдусаметов.

Аймақ азаматтары арасында ауру анықталған жағдайда емдеуге байланысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша төсек орындар, бокстар, дайындалды. Инфекция жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болған азаматтарды оқшаулауға арналған 400 орындық карантин стационары ұйымдастырылды.

Инфекцияны емдеуге байланысты аймақта дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Облыстық бюджеттен бөлінген 2,9 миллион теңгеге дәрі-дәрмектер алынса, қорғаныш заттарына 6 миллион теңге жұмсалды. Одан бөлек, қосымша 43 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұның барлығы — коронавирус дерті тіркелген жағдайда емге қажет қорлар. Барлық медицина қызметкері арнайы білімін жетілдіру семинарларынан өтті, — деді Жақсылық Әбдусаметов.

Елімізде жариялаған карантинге байланысты Қызылордада сақтық шаралары да күшейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес енді Қызылорда өңірінде де ойын-сауық орталықтары, ірі сауда орындары, тойхана, кинотеатр тағы да басқа адам көп шоғырланатын мекендердің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Бұл, әрине, ең алдымен шағын және орта бизнеске неғұрлым зиянын тигізуі мүмкін. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фирдоуси Қожабергеновтің айтуынша, бұл орайда шағын және орта бизнеске келетін соққы мен зиянының алдын алу жұмыстары кешенді түрде атқарылған.

Заң бойынша ірі сауда обьектілеріне сауда алаңы 2000 шаршы метрден асатын обьектілер кіреді. Облысымызда ондай обьектілердің саны — 30. Олардың басым бөлігі Қызылордада, Қазалы, Шиелі және Қармақшы аудандарында орналасқан. Бұл обьектілерге санитарлық гигиеналық тазалық жұмысын күшейте отырып, жұмыс уақытына сағат 10 мен 18 аралығында шектеу қойылды. Бірақ сауда орталықтарындағы азық-түлік дүкендері жұмысын тоқтатпайды. Киім-кешекпен қамтамасыз ететін сауда орындарына жұмыс уақыты сағат 11.00 мен 17.00 аралығы болып белгіленді. Ал кафе уақыты сағат онға дейін шектеліп, бір мезеттегі адам саны елуден аспау керек деген талап бар. Облыста 93 тойхана барын ескерсек, онда отбасылық мерекелер мен салт-дәстүр шараларын өткізуге тыйым салынды, — дейді Фирдоуси Қожабергенов.

Ал ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарында қашықтықтан оқыту процесі жалғасады. Елімізде бір ай карантин жариялануына байланысты сәуір айының 5-інен бастап мектеп оқушылары да онлайн дәріс алады.

Аймақта 672 балабақша бар болса, оның 72%-і — жеке меншік балабақшалар. Қазіргі таңда балабақша балаларының 80%-і тұрақты келіп отыр. Ата-аналар ерікті түрде балаларын балабақшаға апармаса да болады. Апармаған жағдайда балалардың орны сақаталады. Қатысу жағдайына байланысты төлемдер де шегерілетін болады. Балабақша штаттық режимде жұмысын жүргізе береді. Орта білім беретін мектептерде каникул жарияланғаны белгілі. Ал ұстаздар үйінде отырып жұмыс істей береді. Оқытушылар мен білім алушылар арасында кері байланыс орнатылып, білім алу жалғаса береді. Колледж бойынша практикада жүрген студенттердің тәжірибе жұмыстары да кейінге шегерілді, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Бағдат Бердәулетов.

Коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша сақтық шаралары әлі де жалғасады. Қызылорда облысында бетперде өндіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. «Далатекс» фирмасы 10 мың дана бетперде шығарып, қаладағы дәріханаларды қамтамасыз етіп отыр. Енді тәулігіне 50 мың дана бетперде шығарып, ел аумағына жеткізу жоспарда бар.

Әсия Нұрлыбаева