Онкологтың айтуынша, қатерлі аурумен ұзақ ауырған әрі емнен нәтиже көрмеген пациенттер дәрігерлерден тән азабынан құтқаруды өтінеді, мұндай науқастарға Австриядағыдай өзінің немесе туыстарының келісімімен эвтаназия қолдануға болады.
Біздің елде де Австриядағыдай эвтаназия рәсіміне дұрыс қараса, пациенттер сонша қиналмас еді деп ойлаймын. Оның үстіне, мемлекет бюджеті де үнемделеді. Өйткені онкология ауруларымен ауыратын адамның дәрі-дәрмегін, оның өмір сүруін қамтамасыз етуге көп ақша кетеді, әсіресе пациенттерге қарап отырған туыстарына жеңілірек болар еді. Айықпас дертке шалдыққан үлкен кісілердің «балам, шаршадым, бірдеңе қылшы» дегенін жиі естиміз. Оны есту бізге ауыр, ал туыстарына тіпті қиын. Аурудың соңғы санатына жататын науқастарды бақылауға көп аурухана келісе бермейді. Хосписте пациенттің бәріне бірдей орын жоқ, — дейді онколог.
Дәрігердің айтуынша, хосписке тек қаладағы пациенттер жата алады, орталықтан алыс аймақтарда тұратындар аурудан ұзақ азап шегіп, үйінде көз жұмып жатады. Олардың қалай ауырып, қиналып жатқанын, өмірден қандай жағдайда өткенін көріп, туыстары одан бетер күйзеледі.
Біз кешенді ем, химия терапиясы, сәуле терапиясы сияқты барлық емдеу түрін қолданамыз. Бірнәрсе өзгерту кеш болған кезде науқас аурудан қатты қиналады. Сондықтан өмірден қиналмай өткісі келетін адамға эвтаназияға рұқсат беру керек, — дейді Данияр Қасенов.