ҰҚК: Алматыда бір адам Наурыз мейрамында теракт жасамақ болған

2020 жылғы 13 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел іздестіру іс-шарасының нәтижесінде Алматыда «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салынған) халықаралық террористік ұйымы идеологиясын ұстанушыны ұстап, сот санкциясымен қамауға алды. Тұтқындалған адамға Наурыз мейрамын мерекелеу кезеңінде халық көп шоғырланған орындарда теракт жасауға дайындалды деген күдік келді, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Теракт жасауға күдікті
Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Тергеу амалы барысында күдіктіден екі ұрыс гранатасы тәркіленді. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 255- («Терроризм акті») және 258-баптары («Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік») баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Еске салайық, ҰҚК мамандары 14 ақпанда Алматыда «теракт ұйымдастырмақ болды» деген күдікпен екі адамды ұстаған еді.