Мүфтият әр адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты тұлға болғандықтан індетке қарсы сақтық шарасын жасауға тиіс екенін жазды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деген. Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындардың, іс-шаралардың уақытын мүмкіндігінше шегеруге үндейді, — деп хабарлайды ҚМДБ сайты.

Мүфтият жамағатпен оқылатын бес уақыт намазға қатысқан жағдайда құлшылықтан кейін қол беріп амандасудан, бір орынға жиналып дұға етуден сақтануды ескертеді. Өйткені құлшылықтан кейін қол алып амандасу намаз шартына жатпайды.

ҚМДБ мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шарасына мән беруге шақырады:

  • Мешітке бетперде тағып келу;
  • Намаздан тыс мешітте топтаспау;
  • Мешітке үйден дәрет алып келу;
  • Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;
  • Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
  • Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
  • Қариялар, науқастар мен әйелдер жамағат намазына қатыспағаны абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар», – деген (Муслим). Сондықтан барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға шақырамыз, — делінген ҚМДБ сайтында.

Мүфтият жұма намазына қатысты мынаны мәлімдеді:

  • Жұма намазынан бұрын айтылатын 30 минуттық уағыз 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатылады;
  • Намаз уақыты кіре сала азан айтылады, төрт ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының екі ракағат парызы қысқа сүремен оқылады;
  • Жұма намазының парызынан кейін оқылатын төрт рәкағат сүннетті үйде оқуға кеңес береміз;
  • Намаздан кейін тәсбих тартылмайды, Құран оқылмайды, имам қысқа дұға жасайды;
  • Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандаспайды;
  • Мешітке бетперде тағып келу;
  • Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
  • Жұма намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
  • Жұма намазға денсаулығы жарамайтын қариялар, науқастар мен әйелдердің қатыспағаны абзал;
  • Ауа райы қолайлы аймақтарда жұма намазын мешіт ауласында оқуға рұқсат.