Ханс Кристиан Андерсен ертегілері

кітап
Фото: Flip.kz

Әлемге әйгілі дат жазушысының шығармалары балаларға да, ересектерге де арналған. Оның «Кішкентай Иданың гүлдері», «Түймеқыз», «Патшаның жаңа көйлегі», «Жабайы аққулар», «Ұшақ-сандық», «Жауыз патша», «Періште», «Қалыңдық пен күйеу», «Ұсқынсыз үйрек», «Қар ханшайым», «Әже» сияқты ертегілері көпшілікке танымал, сонымен бірге Ханс Кристиан Андерсеннің көп ертегісі анимацияланып, экранға да шықты.

«Андерсеннің ертегілері ерекше. Бәрінде бірдей «хэппи энд» бола бермейді. Сөйте тұра олар адамды тек ізгілікке, мейірімге бастайды, әрдайым әділ болуға, керек кезінде шындық үшін күресуге үйретеді», — дейді Бағдат Мәжитов.

«Капитан Гранттың балалары», Жюль Верн

кітап
Фото: Litres.ru

Француз жазушысы Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» романы 1868 жылы жарыққа шыққан. Роман үш бөліктен тұрады. Олардың әрқайсында шығарманың басты кейіпкерлері — лорд пен леди Гленарвандар, майор Макнаббс, Жак Паганель, Мэри мен Роберт Гранттар, Джон Манглс мұхитта жоғалып кеткен капитан Грантты іздеумен болады. Олардың ішінде Мэри мен Роберт — капитанның балалары. Кейіпкерлер капитан Грантты іздеу барысында Оңтүстік Америка, Патагония, Австралия және Жаңа Зеландияда саяхаттайды, әртүрлі шытырман оқиғаға тап болады. Бағдат Мәжитовтің айтуынша, бұл кітаптың балаларға үйретері көп.

«Бұл романда бәрі бар — қызық сюжет, шытырман оқиға, жарқын образдар, адалдық, табандылық, қайсарлық тақырыбы. Сонымен қатар туынды ғылымға, дүниені тануға деген құштарлықты оятады», — дейді ол.

«Көксерек», Мұхтар Әуезов

кітап
Фото: Comfort.kz

«Көксерек» повесі — адам, жануар және табиғат арасындағы байланысты баяндайтын туынды. Бұл шығарма 1929 жылы жазылған. Сюжет желісі бойынша басты кейіпкер Құрмаштың нағашысы бір қасқырды өлтіріп, оның бөлтірігін ауылға алып келеді. Құрмаш оны асырап алып, «Көксерек» деп атайды. Бөлтірікті ауыл төбеттері күнде талайды. Күндер өтіп, Көксерек өскен соң оларды тойтаруға шамасы жете бастайды. Нағыз азулы қасқырға айналған кезде өзін асыраған Құрмашқа шабады.

«Көксерек» повесі — сөзсіз, классика, әлем деңгейіндегі ұлы туынды. Арғы-бергі тарихта жануардың ішкі әлемін дәл осылай шебер суреттеген шығарма некен-саяқ. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесін бұл ретте Джек Лондонның «Ақ азуымен», Антон Чеховтың «Каштанкасымен» бір қатарға қоюға болады, — дейді жазушы.

«Бұл не керемет», Машқар Гумеров

кітап
Фото: Picuki.com

Машқар Гумеров — балалар әдебиетінің жарқын өкілі. Оның туындылары балалар мен жастарға арналған шығармалар бойынша республикалық сайыстарда сан мәрте жүлделі орынға ие болған. Солардың бірі — «Бұл не керемет» кітабы. Шығарма 2009 жылы басылған. Сонымен бірге автордың «Асыл дәрі», «Жұмбақ сәуле», «Тоғыз тосқауыл», «Әкемнің әкесі» әңгімесі сияқты балаларға арналған түрлі шығармасы бар.

«Машқар Гумеров шығармаларының ғажап тіліне, бала жанын түсіне білетініне, бала жүрегіне жол тауып, сырласа алатынына қайран қаласың. Әр әңгімесі, ертегісі мөп-мөлдір балбұлақ іспеттес», — дейді жазушы.

«Тауға саяхат», Мейіржан Жылқыбай

кітап
Фото: Agatay.kz

Жас қаламгер Мейіржан Жылқыбайдың «Тауға саяхат» әңгімелер топтамасы 2008 жылы Дулат Исабековтің алғысөзімен жарық көрді. Бұл туынды — автордың ең алғашқы шығармасы. Әңгімеде бір аулада тұратын жануарлардың тауға саяхаттаған кезінде бастан кешкен қызық оқиғалары баяндалады. Мейіржан Жылқыбайдың айтуынша, кез келген бала кітаптағы суреттерге қарап, әңгіменің сюжетін, автордың ойын түсіне алады, ол үшін белгілі бір тілді білуі де қажет емес.

«Кезінде Дулат Исабеков Мейіржанның осы кітабы туралы «оқып отырып, мультфильм көргендей болдым» деген еді. Шынымен-ақ солай. Өте қызық кітап. Нағыз балаларға арналған кітап, туынды баланы елітіп әкетеді. Мүмкіндігінше барлық балаға оқуға кеңес беремін», — дейді Бағдат Мәжитов.