Мультфильмнің бас кейіпкерлері — Эренделл патшалығының иесі апалы-сіңлілі Эльза мен Анна. Эльзаның қар мен мұзды басқара алатын ғажайып қасиеті бар. Ол туралы патшалықтың бар тұрғыны біліп, Эльза басында өзгелерді өзінен құтқарады. Бірақ қазір түсіністік орнап, апалы-сіңлілілер достары Кристоф мен оның бұғысы және аққала Олафпен бақытты өмір сүріп жатады. Кенет Эльзаның құлағына сиқырлы орманнан дауыс келе бастайды. Ол дауыс достарды патшалық тарихындағы ақиқатты білуге шақырады. Мультфильм 6 жастан үлкен көрерменге арналған.

Фильмді дубляждауға 50-ден астам актер қатысқан. Аннаны «Жастар» театрының актрисасы Назерке Серікболова, Эльзаны Бегімнұр Халила дубляждады. Ал қыздардың анасы Идуна патшайымның роліне әнші Динара Сұлтан дубляж жасады.

Апалы-сіңлілі қыздардың өмірден өткен анасын сомдаймын дегенде жолдасым шалқасынан түсе жаздады. Өзім көпбалалы ана болғандықтан ба, әлде дауысым ананың роліне келген де шығар, кастингтен өттім. Мультфильмде Идуна патшайымның ролі қысқа болғанымен өте маңызды. Өйткені қыздары көп сауалдың жауабын анасының айтқандарынан тауып, тарихи шындықты анасының бағыттауымен табады, — деді Динара Сұлтан.

"Мұзды өлке-2"
«Мұзды өлке-2».

Актер Шах-Мұрат Ордабаев фильмдерді дубляждағанда оны барынша қазақшалауға тырысатынын айтты.

Фильм көрерменіне жақын болуы керек. Сол себепті бұл жобаға шығармашылық ұжыммен ақылдасып, Абай атамыздың бір-екі өлеңінен үзінді қостық, — деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Мультфильмнің алдын ала көрсетілімінен шыққан кішкентай көрермен Алаш Жұмабек аққала Олафтың фильмдегі ең сүйікті кейіпкері екенін айтты.

"Мұзды өлке-2"
Алаш Жұмабек. Фото жеке архивінен

Маған фильм ұнады. Олаф — мультфильмдегі ең қызық әрі сүйікті кейіпкерім. Басына не жағдай түссе де, ылғи сабыр сақтап, тіпті бәрін көңілді қабылдайды. Ол өзі тентек бала екен. Эльза мұз боп қатып қалғанда көңілім түсіп кетті әрі бір сәт фильмнен жалыққандай болдым. Бірақ Эльза мен Анна ұнады, — деді Алаш Жұмабек.

Disney-дің «Мұзды өлке-2» мультфильмі — «Болашақ» корпоратив қорының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында мемлекеттік тілде отандық кинопрокатқа шыққан 33-фильм. Цифр құқығы ашылған соң фильмді ivi интернет-кинотеатрынан көруге болады.