Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін не істеді?

Бұл туралы орталық қаржы ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаһанның қор және валюта нарығындағы ахуал нашарлағаны байқалды. СOVID-19 вирусының таралуы және ОПЕК пен ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді азайту туралы келісімге келе алмауы әлем экономикасының бәсеңдеу қаупін күшейтті. Мұнай бағасы 2020 жылдың 6 наурызынан бастап барреліне 50-ден 35 долларға дейін немесе 30%-тен артық төмендеді. Дамушы нарықтың, соның ішінде Қазақстанның сауда серіктестерінің валюталары әлсірей бастады. Ұлттық банк 2020 жылдың 10 наурызында сыртқы жағдайларды ескере отырып, валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін валюта интервенциясын (өктемдік) жүргізді, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ валюта саудасында алғаш рет Франкфурт аукционы әдісі іске асты. Оны ҚР Ұлттық банкі мен Қазақстанның қор биржасы теңге бағамының негізсіз құбылуына жол бермеу үшін енгізген.

Ұлттық банк ахуалдың тұрақсыздануына жол бермейді және валюта нарығын тұрақты бақылайды. Қажет болған жағдайда валюта интервенциясы қайта қолға алынуы мүмкін. Ашықтық саясаты шеңберінде Ұлттық банктің барлық валюта операциясы жария мәлімдеме түрінде іске асырылады, — деп хабарлады қаржы реттеуішінің баспасөз қызметі.

Қазір Қазақстанның қор биржасында доллардың теңгеге қатысты орташа бағамы — 393,5. Айырбас пункттері бір долларды 398 теңгеге сатып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12%-ке дейін көтергені және қажет жағдайда қосымша шараларды қолға алатыны хабарланған еді.