Басты бетЖаңалықтарАсқар Мамин:...

Асқар Мамин: Азаматтардың ешқайсы қиын жағдайда қалмайды

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы қаңтар-ақпанда жалпы ішкі өнім өсімі 2019 жылдың алғашқы 2 айына қарағанда 3,3% болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 11,6%, оның ішінде жеке инвестиция 12,1% өсті. Инфляция 6% дәлізінде қалды.

Экономиканың шикізат емес салаларын қоса алғанда өңдеуші өнеркәсіп 9,4%, құрылыс 11,9% өсім көрсетті.  Ұлттық қор активтері 61,1 миллиард доллар, алтын-валюта резервтері 29,3 миллиард доллар болды.

Бүгінгі таңда сыртқы экономика конъюнктурасында теріс динамика байқалып отыр. Ірі халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттары биыл әлем экономикасының өсу болжамдарының төмендегенін хабарлады. ОПЕК нарықты тұрақтандыру бойынша үйлестірілген шараларды іске асыруға қатысты келісімге келе алмағаннан кейін бағаның төмендеуі энергия тасымалдаушыларға күшті әсер ете бастады, — деді Аcқар Мамин.

Премьер-министрдің айтуынша, әлем экономикасындағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстанда Президенттің тапсырмасымен жедел әрекет ету республикалық штабы құрылды. Ол барлық өңірде жұмыс істейді. Үкімет жағдайдың өзгеруіне қарай әрекет етудің бірнеше нұсқасын пысықтады, олардың әрқайсысы қажет ресурстармен, әсіресе қаржымен қамтамасыз етілген.

Аталған шаралардың негізгі мақсаты — халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. Азаматтарымыздың ешқайсы қиын жағдайда қалмайды, — деді Аcқар Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауар нарығында интервенция жасау үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Біз отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар барлық ішкі резервті іске қосуымыз керек, — деді Премьер-министр.

Асқар Мамин «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке бағынышты басқа да ұйымдарға валюта нарығындағы операцияларды Ұлттық банкпен келісіп жүргізуді тапсырды.

Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірге бір апта ішінде басым емес инвестиция жобаларының мерзімін ығыстыра отырып, бюджет шығыстарының басымдығын қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік төлемдерді толық көлемде әрі уақытында төлеуді және жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл тапсырма аясында инфрақұрылым жобалары іске асырылып, әлеуметтік нысандар жөнделуге тиіс, елді мекендер абаттандырылуы керек және әкімдіктермен бірге азаматтардың еңбек құқығының сақталуына қатаң бақылау жүргізілуі керек.

Біздің ортақ міндетіміз — әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемені орындайтынын атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақытында әрі толық көлемде төленеді, — деді Асқар Мамин.