Президент дүнген жастарын басқа өңірлерде жұмыс істеуге үндеді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент кездесуде Қазақстан достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, этникалық топтардың ортақ отаны екенін, еліміз түрлі тарихи жағдайға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Қордай ауданында болған оқиғадан дұрыс қорытынды шығару керек.

Болған қайғылы оқиға артта қалуға тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл — биліктің де жіберген кемшілігі. Сондықтан мен бірден облыс басшылығын, соның ішінде құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін Үкімет комиссиясы барлық нысанды қайта қалпына келтіріп, әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысатынын айтты. Аймақтағы ахуал жіті бақылауда болады.

Президент дүнген диаспорасы өкілдеріне жастар тәрбиесіне баса мән беріп, оларды әр халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға үндеді.

Балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сонымен бірге орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе ауылда тұратын азаматтар, мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастардың Қордай ауданындағы бірнеше ауылда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде де жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бар екенін айтты.

Қазақстан — байтақ әрі бай мемлекет. Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шығысқа қарай жіберіңіздер. Солтүстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жұртшылықты қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге үндеді. Өңірдегі құқық қорғау органдарының жаңа басшылығына қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу жөнінде міндет жүктеді.

Кездесуде Қордай ауданының құрметті азаматы Шисыр Динласон кезінде қамқорлық көрсеткен қазақ халқына қонақжайлылығы мен мейірімі үшін алғыс білдірді. Еңбек ардагері жергілікті дүнгендер болған оқиғаға өкініш білдіріп, кешірім сұрайтынын айтты. Сортөбе ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эдик Суларов жергілікті балаларға мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін оқытуға ниетті екенін айтты.

Кездесу соңында Президент Қаракемер, Масанчи және Сортөбе ауылдарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін Арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен, Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерімен әңгімелесті.