Бен Пирсон есімді IT-маман «Қызыл көлік қазір ғарыштың қай бұрышында жүр екен?» деген сұраққа жауап беретін «Родстер қайда?» деген сайт ашыпты. Ресурстағы ақпаратқа сенсек, 2 жылдан сәл астам уақыт ішінде автомобиль 1,6 миллиард шақырымнан астам жолды артта қалдырып, Күнді әлі айналып жүр.
Осы күні «түнгі шие» деп аталатын түске ие көлік Жерден 338,7 миллион шақырым қашықта қалқып жүр. Қазір родстер бізден гөрі Марсқа жақынырақ — Қызыл планета мен көлік арасын «бар болғаны» 151 миллион шақырым бөліп тұр. Алдағы уақытта бұл қашықтық қысқара түседі, себебі Tesla сағатына 9 984 шақырым жылдамдықпен Марсқа жақындап келеді. Есесіне 13 742 шақырым/сағат жылдамдықпен Күннен алыстап барады. Қазір көлік пен бәрімізді асырап отырған жұлдыздың арасында 1 миллиард 46 миллион шақырым жатыр.
Жақын арада родстер Күнді екінші рет айналып өтеді. Ал 2091 жылы Жерге 3 мың шақырымға дейін жақындап келеді екен.
Көліктің жылдамдығы сағатына шамамен 77 мың шақырым болады.
Starman Жер орбитасына шыққанда осындай көріністерді тамашалаған.
Электромобильдің батареясы отырып қалмаса, Starman осы уақытқа Space Oddity әнін 204 мыңнан көп рет тыңдаған шығар, — дейді сайт авторы
Дәл осы көрсеткіштермен 2 жыл бойы көлік ғарышқа ұшпай, жерде жүргенде, бүкіл әлем жолдарын 46 рет басып өтер еді.
Бұл деректердің «шамамен осылай-ау» делінген болжам екенін айта кету керек. Оның үстіне, көлік пен Starman-ның қазіргі жағдайы қандай екенін дөп басып айту қиын. Манекен-астронавтың көліктен түсіп қалып, ғарыштың басқа жерінде қаңғалақтап жүруі де ғажап емес.
Маск неге өйтті?
Илон Маск — Марсты игеруді армандайтын адам. Жай ғана армандап қоймай, SpaceX атты ғарыш техникасын шығаратын компания ашып, нақты жұмыс істеп жатыр.
2018 жылдың ақпан айында SpaceX абыр-сабыр дайындалып, Falcon Heavy тасымалдағыш зымыранын ұшырды. Бірінші рет көкке көтерілгелі тұрған техника сынақтан өте алмай қалуы мүмкін еді. Сондықтан Илон Маск «ракетаға миға қонбайтын дүние артып жіберемін» деп хабарлады. Артынша ол «дүние» кәсіпкердің жеке өзіне тиесілі Tesla Roadster спорт электромобилі екені белгілі болды.
Falcon Heavy тасымалдағыш ракетасын ұшыру
Родстерді ғарышқа жіберу арқылы Маск Falcon Heavy ракетасының Марс орбитасына пайдалы жүк жеткізе алатынын көрсеткісі келді, яғни автомобиль колонизаторлар Марсқа жеткен соң қолдана алатын дүниенің мысалы ретінде жұртқа таныстырылды. Айтпақшы, Tesla Motors компаниясы да Илон Маскқа тиесілі.